Павлодар облысында медицина қызметкерлеріне шабуыл жасалса, полиция жедел жетеді

Павлодар облысында медицина қызметкерлеріне шабуыл жасалса, полиция жедел жетеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде медицина қызметкерлерін агрессиядан қорғайтын дабыл түймесі бар жаңа бейнетіркегіштер іске қосылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және пациенттер тарапынан болатын агрессияның алдын алу мақсатында тағы 70 бейнетіркегіш сатып алынды. Жаңа құрылғылар жедел жәрдем қызметкерлерімен қатар, емханалар жанындағы мобильді бригадалар мен медициналық ұйымдардың жүргізушілеріне де беріледі. Бейнетіркегіштердің жаңа үлгісі полицияның жедел әрекет ету жүйесімен біріктіріліп, арнайы дабыл түймесімен жабдықталған.

Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының басшысы Қанадан Ахметжановтың айтуынша, бейнетіркегіштерді енгізу медицина қызметкерлеріне қатысты агрессиялық әрекеттердің алдын алуға оң әсерін тигізген.

– Өткен жылдан бастап іске қосылған бейнетіркегіштердің арқасында агрессия деңгейі төмендеді. Дегенмен, мұндай жағдайлар әлі де кездеседі. Бүгінде медицина қызметкерлеріне қатысты үш расталған шабуыл дерегі тіркелді. Қалқаман ауылында агрессивті пациент медицина қызметкеріне қол көтеріп, айыппұл арқалады. Екібастұз қаласында мас күйіндегі пациент фельдшерді соққыға жыққан, осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Павлодар қаласында көшеде жатқан науқасқа көмек көрсетуге барған медицина қызметкерлеріне де шабуыл жасалды, – деді Қанадан Ахметжанов.

Оның айтуынша, бейнетіркегіштер тек медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету құралы ғана емес, медициналық көмектің сапасын бақылауға да мүмкіндік береді. Бейнежазбалар арқылы мамандардың пациенттермен қарым-қатынасы, қызмет көрсету әдебі мен медициналық көмектің дұрыс көрсетілуі бағаланады.

Ал Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Кучуковтың мәліметінше, мемлекеттік бюджет есебінен сатып алынған 70 жаңа бейнетіркегіш медицина қызметкерлері мен жүргізушілерге үлестіріледі.

–  Енді құрылғылар тек жедел жәрдем станциясының қызметкерлеріне ғана емес, алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының мобильді бригадаларына да беріледі. Атап айтқанда, күрделіліктің төртінші санатындағы шақыртуларға шығатын мамандар бейнетіркегіштермен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ жаңа құрылғылар арқылы медициналық ұйымдардың жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін сақтауын бақылау көзделген. Бұл жолдағы қауіпсіздікті арттырып, жедел жәрдем көліктерінің қозғалысына қатысты тәртіпті қадағалауға мүмкіндік береді, – деді ол. 

Жаңа үлгідегі бейнетіркегіштердің тағы бір ерекшелігі – полицияның жедел әрекет ету жүйесімен біріктірілуі. Құрылғыдағы арнайы дабыл түймесін басқан жағдайда, полиция қызметкерлеріне сигнал түсіп, олар оқиға орнына жедел жіберіледі.

Еске сала кетейік, өткен жылы Павлодар облысында жедел жәрдемнің барлық 70 бригадасы бейнетіркегіштермен жабдықталған болатын. Қазақстанда өндірілген құрылғылар жедел жәрдем станциясының ақылы қызметтерінен түскен қаражат есебінен сатып алынған. Бір бейнетіркегіштің құны – 240 мың теңге.

Бұл ретте, жедел жәрдем қызметіне түсетін жүктеме де жоғары екенін атап өткен жөн. Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы 745 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді. Күн сайын 70 бригада орта есеппен 800 шақыртуға шығады. Жылдық шақыртулар саны 280-290 мыңға жетеді.