Павлодар облысында қанша жасөспірім қыз қатерлі ісіктен сақтанды?

Дәрігерлер адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы екпені салдыру бойынша деректермен бөлісті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ел бойынша 2024 жылдың қыркүйегінен бастап, АПВ-ға қарсы егудің Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес 11 жастағы қыздар 6 ай аралықпен екі рет егіледі.
– Жыл сайын Қазақстанда әйелдер арасында жатыр мойны обырының 1900-ден астам жағдайы тіркеледі. Күн сайын бұл қатерлі ісіктен екі әйел қайтыс болады. Павлодар облысы онкологиялық аурулар бойынша республикада 4-орында, ал өлім-жітім бойынша 3-орында тұрмыз. 2024 жылдың қорытындысы бойынша өңірде жатыр мойны обырының 116 жағдайы тіркелді, оның ішінде 24 әйел көз жұмды, – деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзагүл Досжанова.
Оның сөзінше, бүгінде адам папиллома вирусына қарсы вакцинасының бірінші дозасы 11 жас және иммундау уақытымен 12-13 жасар 3900 қызға егілді, ал 874 жасөспірім вакцинаның екінші дозасын алды.
– Вирусқа қарсы вакцинациялау мақсатында облысқа 11 жастағы қыздарды вакцинациялау үшін 5000 доза вакцина жеткізілген болатын. Екінші рет екпе алты айдан кейін салынады. Ол үшін вакцинаның 7350 дозасы сақтаулы. Оған қоса тамыз айында тағы 9900 көлемінде қосымша вакцина партиясы жеткізіледі, – деп атап өтті ол.
Екпені ата-аналардың қалауы бойынша тұрғылықты жері бойынша емханалардың егу кабинеттерінде немесе мектептерде алуға болады. Десе де кейбір ата-аналар вакцинаға сенімсіздік білдіруде.
– Негізінен ата-аналардың адам папилломасына қарсы екпеден бас тарту себебі вакцинаға қатысты күмәнге байланысты болып отыр. Әлемнің 135 елі бұл вакцинаны қолданады. Оның тиімділігі 2006 жылдан бері дәлелденген. Бізде АҚШ өндірісінің төрт валентті Гардасил вакцинасы егіледі, – деді Зәмзагүл Досжанова.
Айта кетейік, адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцина бірнеше қатерлі ісіктің алдын алады, ал «В» вирустық гепатитіне қарсы вакцина бауыр қатерлі ісігінің алдын алуға көмектеседі. Қатерлі ісік ауруы көбінесе адам АПВ-ны жұқтырғаннан кейін бірнеше жыл, тіпті ондаған жылдар өткен соң дамиды.