Павлодарда бейнежетон медицина қызметкерлерін қорғаудың негізгі құралына айналды

Павлодарда бейнежетон медицина қызметкерлерін қорғаудың негізгі құралына айналды
Фото: автор

Құралдар дәрігерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының бригадалары өткен жылдың тамыз айынан бері бейнежетондарды пайдаланып келеді. Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес енгізілген бұл жүйе медицина мамандарына қызметтік міндетін орындау кезінде болатын шабуылдардың алдын алуға және даулы жағдайларды әділ бағалауға мүмкіндік береді.

Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары Ирина Мищенконың айтуынша, бүгінде тәулік бойы қызмет атқаратын 70 жедел жәрдем бригадасының барлығы бейнежетондармен жабдықталған.

Өткен жылдың тамызынан бері бүгінге дейін үш оқиға тіркелді. Соның екеуі бойынша полицияға арыз түсті. Бұл медицина қызметкерлерін балағаттау, былапыт сөздер айту, қорқыту және өзге де заңсыз әрекеттерге қатысты жайттар болды. Осы екі іс бойынша сот өтіп, қызметтік міндетін атқарып жүрген жедел жәрдем маманын қорлаған азаматтарға қатысты айыптау үкімі шықты. Сот барысында бейнежетонға жазылған материалдар дәлел ретінде ұсынылды, – деді Ирина Мищенко.

Бейнежетондар медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, көрсетілген медициналық көмектің сапасын бағалауға да мүмкіндік береді. Аудит қызметі жазбалар арқылы бригаданың төтенше жағдайда көмекті талапқа сай әрі сапалы көрсеткенін немесе көрсетпегенін тексереді.

Бұл құрылғылар тек науқас тарапынан болған агрессивті әрекеттерді ғана тіркемейді. Сонымен бірге, медицина қызметкерлерінің де тәртібін бақылауға ықпал етеді. Сондықтан, бейнежетондарды енгізу туралы үкіметтің шешімін өте орынды әрі дер кезінде қабылданған қадам деп санаймыз, – деді бас дәрігердің орынбасары.

Станцияда бейнематериалдарды сақтау және пайдалану тәртібі қатаң реттелген. Арнайы құрылған комиссия құрамына ұйым басшысы, медициналық бөлім бойынша басшының орынбасары, заң қызметінің өкілі және сарапшы дәрігер кіреді. Жазбаларды тек полицияның, соттың немесе тергеу органдарының ресми сұранысы түскенде, сондай-ақ даулы мәселелер туындаған жағдайда ғана осы комиссия қарай алады.

Ұйым ішінде де, одан тыс жерде де бейнематериалдар бөгде адамдарға берілмейді. Бұл ең алдымен пациенттердің құқықтарын қорғауға бағытталған. Біз бейнежетондарды пайдалану барысында қолданыстағы заң талаптарын қатаң сақтаймыз, – деді Ирина Мищенко.

Барлық бейнематериалдар тәуліктік кезекшілік аяқталғаннан кейін арнайы құрылғы арқылы дерекқорға жүктеліп, бұлтты сақтау жүйесіне көшіріледі. Жазбалар белгіленген мерзімге дейін сақталып, тек ресми сұраныс болған жағдайда ғана құқық қорғау органдарына жолданады.

Биыл тіркелген жағдайлардың бірі Назарбаев көшесі, 89 мекенжайында болған. Көшеде жатқан ер адамға қатысты бірінші санаттағы шақырту бойынша жеткен бригадаға уытты заттың әсерінен болған пациент шабуыл жасаған. Ол жедел жәрдем көлігінің салонына кіріп, медициналық сөмкені лақтырған. Сонымен қатар, көліктің ішкі қаптамасын бүлдіріп, медицина қызметкерлеріне қоқан-лоқы көрсеткен. Болған оқиғаның барлығы бейнежетонға жазылып, материалдар құқық қорғау органдарына жолданған. Қазір бұл дерек бойынша тергеу жалғасып жатыр.

Оқиғадан кейін медицина қызметкерлері тиісті арыздарын жазған. Моральдық шығынды өтеу мәселесі тергеу қорытындысы мен сот шешіміне сәйкес қаралады. Дауды медиация тәртібімен реттеу туралы ұсыныстар түспеген.

Ирина Мищенконың айтуынша, жедел жәрдем мамандары жұмысқа қабылданар алдында және еңбек қызметі барысында психологиялық тестілеуден өтіп, агрессивті пациенттермен жұмыс істеуге арнайы даярлықтан өтеді. Сондықтан, аталған оқиғадан кейін бригада станцияға оралып, жұмыс киімдерін ауыстырып, медициналық сөмкелерін қайта толықтырып, кезекшілігін жалғастырған.

Қазіргі уақытта әр жедел жәрдем көлігіне бір бейнежетон бекітілген. Бір бригадада жауапты аға қызметкер болғандықтан, әзірге құрылғылар санын арттыру қажеттілігі жоқ. Сондай-ақ осы уақытқа дейін пациенттер немесе өзге азаматтар тарапынан бейнежазбаларды сұрату деректері тіркелмеген.