Павлодарда тасымалдаушылар субсидиядан қағылуы мүмкін
Өңірде 183 маршруттық желі жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Қашкировтың айтуынша, оның ішінде жетеуі – халықаралық, бесеуі – облысаралық, 34-і – облысішілік, 68-і – ауданішілік және 69-ы – қалалық маршруттар.
Биыл жылдың соңына дейін Павлодарға қосымша 12 жаңа шағын класты автобус және сыйымдылығы үлкен бірінші класты 20 автобус жеткізіледі деп күтілуде.
– Жолаушылар тасымалының тұрақты жұмысы мен тарифтердің қолжетімді деңгейін қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен облысішілік, қалаішілік және ауданішілік 171 маршруттың 126-сы жалпы сомасы 5,9 миллиард теңгеге субсидияланады. Бұдан басқа, Павлодар қаласында 1,5 миллиард теңге сомасына 14 трамвай маршруты субсидияланады, – деді Қанат Қашкиров.
Бұл ретте, Асайын Байханов Ақсу қаласы тұрғындарынан ыстық күндерде автобустарда кондиционердің жұмыс істемегеніне қатысты шағым түскенін атап өтті.
Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсенбинов тасымалдаушы компанияға аталған мәселе бойынша талаптар қойылғанын жеткізді. Оның айтуынша, бүгінгі күні Ақсуда 26 автобус бар және бағдарлама бойынша қоғамдық көліктер жаңартылуда. Тасымалдаушы компания қалалық бюджеттен 202 миллион теңге, ауылдарға жеті маршруттар бойынша 26 млн теңге субсидия алады.
– Субсидиялау – міндет емес, бұл – мүмкіндік. Жоғарғы деңгейде қызмет көрсетсе, олардың субсидия алуға құқылары бар. Ал қызметтің деңгейі төмен болса, онда субсидияны қысқарту керек. 100 пайыз жап-жаңа автобус болу керек деген міндеттеме жоқ. Ең бастысы, автобустардың қолайлы жабдықтармен, құралдармен жабдықталуы керек. Әсіресе, +37 ыстық күндері кондиционер болуы тиіс, – деді Асайын Байханов.
Облыс әкімі қала әкімдеріне тасымалдаушы компаниялармен нақты келісімшарт әзірлеп, тиісті деңгейде жұмыс жасамаған қалалық тасымалдаушылардың субсидиялар мөлшерін бір жұма ішінде қайта қарауды тапсырды.
– 32 жаңа автобустың келуімен автопарктің жаңару көрсеткіші 82 пайызды құрайды. Жылдың аяғына дейін бұл жоспарды толық орындаймыз. Тасымалдаушы компаниямен келісімшарт бар, – деді қала әкімі Хасар Хабылбеков.
Аймақ басшысы ендігі жылы бұл көрсеткішті 90 пайызға, ал 2026 жылы 100 пайызға дейін жеткізуді тапсырды.