Ертісте ата-аналар қауымдастығы мектеп өмірінің белсенді серіктесіне айналды
Аудан мектептерінде ата-аналар қауымдастығымен өзара іс-қимыл білім мен тәрбие сапасын арттырудың негізгі бағыттарының бірі ретінде жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бүгінде ата-аналар тек сырттай бақылаушы емес, мектеп өміріне белсене араласып, педагогтер мен білім беру ұйымдарының әкімшілігімен тығыз серіктестік орнатқан.
Ауданның білім беру ұйымдарында қамқоршылық кеңестер, аналар мен әкелер кеңестері, сондай-ақ «Аталар клубы» мен «Әжелер клубы» тұрақты түрде жұмыс істейді. Бұл қоғамдық бірлестіктер «мектеп – отбасы – қоғам» арасындағы байланысты нығайтып, отбасылық және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, білім алушылар үшін қолайлы тәрбиелік орта қалыптастыруға бағытталған.
– Қамқоршылық кеңестердің жұмысы ерекше нәтижесімен көзге түсуде. Олардың бастамасы мен демеушілік қолдауды тарту нәтижесінде ауданның 11 мектебінде оқушылар үшін тегін ыстық тамақ ұйымдастырылған. Бұл – ата-аналар қауымдастығының балалардың денсаулығы мен әлеуметтік жағдайына бейжай қарамайтынын көрсететін нақты қолдау, – деді аудандық білім бөлімінде.
Сонымен қатар, ата-аналар білім сапасы, тәрбие және профилактикалық жұмыстардың мазмұны, қауіпсіз әрі қолайлы мектеп ортасын қалыптастыру мәселелерін талқылауға белсенді қатысады. Әкелер кеңесі, ақсақалдар алқасы, аталар мен әжелер клубтарының қызметі жас ұрпақтың бойында үлкенге құрмет, жауапкершілік және азаматтық ұстанымды қалыптастыруға ықпал етуде.