Кенжекөлде көмір сатып алуға біржолғы әлеуметтік көмекке құжат қабылдау басталды

Кенжекөлде көмір сатып алуға біржолғы әлеуметтік көмекке құжат қабылдау басталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Әлеуметтік көмекке пешпен жылытылатын жеке тұрғын үйлерде тіркелген азаматтар ғана өтініш бере алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Кенжекөл ауылы кімдігінің мәлімдеуінше, құжат қабылдау 1 шілдеден басталады. Аталмыш әлеуметтік көмекке пешпен жылытылатын жеке тұрғын үйлерде тіркелген азаматтар ғана өтініш бере алады. Орталықтандырылған жылыту жүйесі бар көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары бұл қолдау түріне қатыса алмайды.

Материалдық көмек алуға келесі санаттағы азаматтар өтініш бере алады:

- I, II және III топтағы мүгедектігі бар азаматтар; 

- көпбалалы отбасылар; 

- мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар; 

- атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушылар. 

Өтініш Кенжекөл ауылы, Ата Заң көшесі, 3 мекенжайында қабылданады.

Қажетті құжаттар:

- тұрғын үйге меншік құқығын растайтын құжат; 

- тұрғын үй жалдамалы болған жағдайда, тұрғын үй иесінен жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар туралы анықтама; 

- жеке куәлік; 

- өтініш берушінің жеңілдік мәртебесін растайтын құжат; 

- 20 таңбалы банк шотының нөмірі; 

- тұрғын үй жағдайларын тексеру актісі (оны Кенжекөл ауылдық округі әкімінің аппаратынан алуға болады). 

Құжаттар дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 09:00-18:30 аралығында қабылданады.