Асайын Байханов: Астана күні – қазақстандықтарды біріктіретін ерекше мереке
Облыс әкімі өңір тұрғындарын Астана күнімен құттықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Асайын Байханов бұл барша қазақстандықтарды біріктіретін және тәуелсіз Қазақстанның қарқынды дамуын бейнелейтін ерекше мереке екенін атап өтті.
– Биыл еліміздің бас қаласы 25 жылдығын атап өтуде. Бүгінде Астанада елдің әкімшілік және іскерлік орталығы шоғырланған. Мұнда ауқымды экономикалық, ғылыми-техникалық және әлеуметтік міндеттер шешілуде. Ірі жобалар іске асырылуда, ондаған мың жұмыс орындары құрылуда. Астанамыз гүлденіп, көркейе берсін деген тілек білдіремін! Мереке құтты болсын! – деп жазды облыс әкімі Іnstagram парақшасында.
Сондай-ақ облыс әкімі еліміздің барлық өңірлерінен жүздеген мың отандастарымыз, соның ішінде Павлодар облысының тұрғындары да Елорданың қалыптасуы мен қарыштап дамуына елеулі үлес қосқанын атап өтіп, айтулы мереке күні әр шаңыраққа мықты денсаулық, жаңа жетістіктер тіледі.