Павлодар облысында ауыл әкімі кент тұрғынымен жанжалдасқаны үшін жазаланды

Павлодар облысында ауыл әкімі кент тұрғынымен жанжалдасқаны үшін жазаланды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Іс әдептік кеңесте қаралды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қыркүйек айының соңында әлеуметтік желілерде Екібастұз қаласы Қоянды ауылдық округінің әкімі Ержан Уразалимов пен ветеринарлық қызметтің қызметкері арасындағы жанжал қызу талқыланған еді. Белгілі болғандай оқиға кешке, жұмыс уақытынан тыс кезде орын алған.

Бұған дейін ауыл әкімі 12 жыл ветеринария саласында жұмыс істеп, жәбірленушімен достық қарым-қатынаста болған. Полиция қызметкерлерінің сөзінше, қақтығыс тұрмыстық сипатта болды. Қос тарап татуласқанымен, жағдай облыстық әдеп кеңесінде қаралды.

Екі соққы нәтижесінде жәбірленуші жеңіл жарақат алған. Атап айтқанда: миы шайқалып, жабық бас сүйек-ми жарақатын алды.

– Қыркүйек айының соңында, сенбі күні інімнің үйінде оның қызының туған күніне жиналдық. Сол жерде ветеринарлық қызметтің қызметкері Жақсыбай Жақсылықов та болды. Арамызда жанжал туындап, ол менің жеке өміріме қатысты сөз қозғады. Сол сәтте ашуға беріліп, оны ұрып жібердім. Кейін кешірім сұрадым, –  деді Ержан Уразалимов.

Ол тараптардың шағымданбағанын және полицияда іс қозғалмағанын атап өтті. Кеңес барысында округ әкімі халықтан да кешірім сұрады.

Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин Ержан Уразалимовқа оң мінездеме беріп, қала әкімдігі тарапынан қызметтік тексеріс жүргізілгенін хабарлады.

– Қақтығыс жұмыс уақытынан тыс уақытта болғанымен, мемлекеттік қызметші мұндай жағдай үшін жауап береді, – деді ол.

Әдеп кеңесі бірауыздан Екібастұз қаласының әкіміне Қоянды ауылдық округінің әкімі Ержан Уразалимовқа «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.

Айта кетейік, Ержан Уразалимов бұл қызметке 2024 жылдың ақпан айында тағайындалған еді.