Павлодар ауданында жаңа мектеп салынады

Білім ордасы 120 орынға шақталған: 80-і оқушы орны, 40-ы шағын орталыққа арналған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Павлодар ауданының Бірлік ауылында болды.
– Қазіргі таңда Бірлік мектебінің 98 баласы Заря ауылдық мектебінде оқиды, шағын орталықта 20 бала ғана тәрбиеленеді, кезекте 15 бала тұр. Екі ауысым болады, – деді Павлодар ауданының әкімі Дидар Ыбыраев.
Оның айтуынша, бірінші сыныптан төртінші сыныпқа дейінгі 45 бала бар. Бүгінде білім беру басқармасымен бірлесіп, кадр құрамы мәселесін шешімін табуда. Жаңа мектепке 61 адам керек: 41-і педагог, 20-сы жұмысшы персонал. 41 педагогтың 14-і Бірлік ауылында тұрады. Бос орындар бар. Физика, химия пәнінің мұғалімдері керек, ағылшын тілі пәндерінің мұғалімі Заря ауылынан жұмыс істеуге ниет білдірген.
– Осы құрылысты бастамас бұрын бірінші кезекте мектепті оқу жылы басталғанға дейін толық бітіруді тапсырған болатынмын. Керекті құжаттарын реттеп, рәсімдеп, бірінші қыркүйекте балар мектепке баратындай жағдай жасау керек, – деп тапсырды Асайын Байханов.
Сондай-ақ футбол, баскетбол алаңдары салынып, мектептің аумағы толық абаттандырылады.