Павлодар облысында өмір бойына куәліксіз қалған азамат автобус тізгіндеп келді
Тәртіп бұзған екі жүргізуші де әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында талдау жүргізді. Тексеру барысында сот шешімімен көлік басқару құқығынан айырылған адамдардың бағдарлық автобустарды заңсыз жүргізіп келгені анықталды.
Прокурорлар күнделікті жолаушылар тасымалына шығатын 460 жүргізушінің мәліметтерін тексеріп, бұрын әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылған тұлғаларды анықтаған. Атап айтқанда, Екібастұз қаласының 45 жастағы тұрғыны бұған дейін 2015 және 2019 жылдары мас күйде көлік айдағаны үшін куәлігінен айырылған. Ал 2022 жылы ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы 1-бөлігі бойынша сотталып, 2 жыл 6 айға бас бостандығы шектеліп, көлік басқару құқығынан өмір бойына айырылған. Осыған қарамастан, ол қоғамдық көлікті тізгіндеп келген.
– 11 қазанда жүргізуші ұсталып, автобус айып торабына қойылды. 12 қазанда Екібастұз қалалық сотының қаулысымен ол ӘҚБтК-нің 612-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 тәулікке қамауға алынды, – деді департаментте.
Ақсу қаласында да осыған ұқсас дерек тіркелді. 7 қазанда 62 жастағы автобус жүргізушісі ұсталды. Ол 2024 жылы мас күйде көлік айдағаны үшін 15 тәулікке қамалып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылған болатын. Автобус арнайы тұраққа қойылып, сот шешімімен жүргізуші әкімшілік қамауға алынды.
Департамент тасымалдаушыларға жүргізушілерді жолаушылар тасымалына жіберу кезінде бақылауды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ уәкілетті органдарға бұл жүргізушілерді бағдарға шығаруға жол берген тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қабылдау жүктелді.