Павлодарда зейнеткер жүргізуші кері жүріп, тұрақтағы көлікті соғып алды
Қария айыппұл арқалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты азамат Г.-ға қатысты жол жүрісі қағидаларын бұзу дерегі бойынша істі қарады.
Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың 9 қазанында азамат Г. «Volkswagen Golf» автокөлігін басқарып, Естай көшесі бойымен кері бағытта қозғалған. Маневр жасау кезінде ол қауіпсіздік шараларын сақтамай, жол жиегінде тұрған азамат А.-ның «Hyundai Elantra» маркалы көлігіне соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан материалдық шығын келтірілген.
Сот отырысында азамат Г. кінәсін толық мойындап, кері жүру кезінде жәбірленушінің көлігін соққанын растады. Ол өз көлігінде бүліну белгілерін байқамағанын айтты.
Кінә фактісі хаттамамен және бейнежазбалармен дәлелденді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 610-бабы 1-бөлігіне сәйкес, мұндай әрекет үшін 20 айлық есептік көрсеткіш (78 640 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
Алайда сот, айыпталушының зейнеткерлік жасын және кінәсін мойындауын ескере отырып, айыппұл сомасын 55 048 теңгеге дейін азайтты.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.