Павлодарда құтқарушылар пәтерде қамалып қалған балаға көмектесті
Жасөспірімге медициналық көмек қажет болмады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 112 қызметіне баланың пәтердегі бөлмеден өздігінен шыға алмай отырғаны туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына келген құтқарушылар альпинистік құрал-жабдықтардың көмегімен бесінші қабаттан төртінші қабатқа түсіп, балкон арқылы пәтерге кірді. Бөлмелердің бірінен 2014 жылы туған бала табылды. Белгілі болғандай, есіктің құлпы бұзылып, бөлме ішінен ашылмай қалған.
– Құтқарушылар арнайы құралдардың көмегімен бөлменің есігін ашты. Жасөспірімнің жағдайы жақсы, медициналық көмек қажет болмады, – деп хабарлады ТЖД.
Бала ата-анасына тапсырылды.