Екібастұзда балабақша инклюзивті мектепке дейінгі ұйым ретінде қайта бейімделуде

Екібастұзда балабақша инклюзивті мектепке дейінгі ұйым ретінде қайта бейімделуде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Құрылыс жұмыстары жазда тәмамдалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Серік Сәдуақасов «AMANAT» партиясы Екібастұз қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мариям Мәлікова және білім бөлімінің басшысы Лаура Дисюповамен бірге балабақша ғимаратының қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты.

Қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту аясында 1987 жылы салынған балабақша ғимараты инклюзивті мектепке дейінгі ұйым ретінде қайта бейімделуде. Нысан М. Жүсіп көшесі, 126 А мекенжайында орналасқан. Балабақшаның жобалық қуаттылығы — 225 орын.

Жобаны іске асыру қажеттілігі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар санының жыл сайын артуымен байланысты. Екібастұз өңірінде мүмкіндігі шектеулі 2 149 бала тіркелген, оның ішінде 630-ы — мектепке дейінгі жастағы балалар.

Арнайы балабақша 150 балаға арналған 8 топтан тұрады. Мұнда психикалық дамуы тежелген балаларға, тірек-қимыл аппараты бұзылған (оның ішінде ДЦП диагнозы бар), зияткерлік дамуында ерекшелігі бар, сондай-ақ қарым-қатынас және әлеуметтік өзара әрекеттесу бұзылыстары (аутизм) бар балаларға арналған топтар жұмыс істейтін болады.

Жоба ТОО «MBJ Project» жобалау ұйымымен әзірленген және мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында демеушілік қаражат есебінен жүзеге асырылуда. Мердігер ұйым ретінде ТОО «ПавлодарРемКомплекс» анықталған. Құрылыс жұмыстарын аяқтау мерзімі — 2026 жылғы 3 тамыз.

Қазіргі таңда демонтаж жұмыстары аяқталып, терезелерді орнату басталды, сыртқы инженерлік желілер, атап айтқанда су құбыры, кәріз, жылу желісі тартылды. Сонымен қатар шатырды жөндеу жұмыстарына қажетті құрылыс материалдары сатып алынуда.