Павлодар облысында 362 мектепте жаңа оқу жылы басталды

Павлодар облысында 362 мектепте жаңа оқу жылы басталды
Фото: Константин Шелков

Білім күні өңірдегі мектептерде мерекелік шаралар өтіп, 100 мыңнан астам оқушы сыныптарына оралды. Биыл білім беру нысандарында оқу жағдайын жақсартуға және балаларды ыстық тамақпен қамтуға ерекше көңіл бөлінген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Аманжол Шамкенов атындағы мектеп-лицейде таңғы уақыттан-ақ гүлдер, ақ бантиктер мен толқыныс сезілді. Бұлтты ауа райына қарамастан, мектеп ауласы адамға лық толып, мерекелік көңіл-күй орнады. 

Биыл мектепте алты бірінші сынып жасақталды. 150 ұл мен қыз үшін бүгінгі күн мектеп өміріндегі алғашқы қадам болды. Олармен бірге салтанатты жиынға мектеп бітірушілер де қатысты. Олар үшін бұл – туған мектебіндегі соңғы Білім күні.

– Салтанатты жиынға бірінші сынып оқушылары мен биылғы мектеп бітірушілерді шақырдық. Биыл мектебімізде 90 он бірінші сынып оқушысы бар, біз олардың әрқайсысын мақтан тұтамыз. 11 жыл ішінде балалар тек білім алып қана қоймай, өмірлік тәжірибе жинақтап, біздің көз алдымызда ер жетті. Енді оларды соңғы оқу жылы күтіп тұр. Сондықтан 1 қыркүйек олар үшін де ерекше әрі қуанышты мереке, – деді мектеп директоры Ирина Тургульдинова.

Мерекелік көңіл күйді мектеп мұғалімдері дайындаған шағын концерттік бағдарлама одан әрі жандандыра түсті. Бірінші сынып оқушылары да көрермен болып қана қоймай, өнерлерін көрсетті. 

Ирина Шаповалова үшін де бұл күн айрықша. Оның ұлы Никита бүгін алғаш рет мектеп партасына отырды. Ол отбасындағы мектепке барған үшінші бала.

– Никита үшін бұл ерекше күн. Меніңше, ол бұл күнді өмір бойы есте сақтайды. Біз оған таңертеңнен дайындалдық. Әжесі гүл әкеліп, «Бірінші қыркүйекті мұғалімге арналған гүлсіз елестету мүмкін емес» деді. Біздің отбасымызда бұл бұрыннан келе жатқан жақсы дәстүр, – деді Ирина.

Жаңа оқу жылына орай мектепте материалдық база да жаңартылды. Мұнда жаңа жиһаздар мен тач-панельдер сатып алынып, санитарлық тораптар мен спорт залы жөнделді, киім ауыстыратын бөлмелер жаңартылды. 1 қыркүйектен бастап мектеп асханасы да жұмысын бастады.

Салтанатты шарадан кейін оқушылар сыныптарына тарады. Олар үшін білім беру үдерісінің негізгі құндылықтарына арналған бірыңғай сынып сағаты өтті. Оның негізіне «Адал азамат», «Адал еңбек», «Таза Қазақстан», «Заң және тәртіп» және «Толық адам» құндылықтары алынды.

Өңірде оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету жұмыстары да жалғасуда. Жаңа оқу жылында 1–4 сыныптарда оқитын 45 мыңнан астам оқушы бір реттік ыстық тамақпен қамтылады. Бұл мақсатқа 5,9 миллиард теңге қарастырылған. Сондай-ақ әлеуметтік осал санаттағы балаларға да қолдау көрсетіледі.

Мектеп инфрақұрылымы да жаңаруда. Соңғы үш жылда Павлодар облысының ауылдық жерлерінде он жаңа мектеп салынды. Жақында Ертіс ауданының Қызылқақ ауылында және Екібастұз қаласына қарасты Атығай ауылында жаңа білім беру нысандары ашылды.

Павлодар қаласының Усолка шағына уданында жаңа мектептің құрылысы жалғасып жатыр. Білім ордасы 1200 оқушыға есептелген. Жоба жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Мектеп пайдалануға берілгеннен кейін шағынаудандағы оқушы орындарының тапшылығын толық жоюға мүмкіндік береді.

Фото: автор