Павлодар облысында ауыл оқушылары сексенге жуық медаль алған
Өткен жылы өңір оқушылары республикалық және халықаралық олимпиадалар мен зияткерлік іс-шараларда 311 медаль еншілеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Павлодар облысы білім беру басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Баширова мәлім етті.
Гүлмира Баширова «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы облыста қалай жүзеге асырылып жатқаны жайлы баяндады. Ұлттық жоба 4 негізгі бағыттан, 5 міндеттен, 15 көрсеткіштен және 26 іс-шарадан тұрады.
– Павлодар облысында 3 негізгі бағытты іске асырады: мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту, орта білім беру мен техникалық және кәсіптік білім беру. Сондай-ақ 12 көрсеткіш орындалуы тиіс, – деді Гүлмира Баширова.
Жобадағы міндеттердің бірі – орта білім беру сапасын арттыру: Қазақстанның өңірлері, қалалық және ауылдық мектептері арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты қысқарту (PISA).
– Мамандандырылған мектептер қала мен ауыл арасындағы теңсіздікті жою мәселесіне байланысты ауыл балаларына тәжірибелік көмек көрсету, сондай-ақ оларды зияткерлік конкурстарға дайындау мақсатында облыста «Зияткерлік ауыл мектебі» арнайы жобасы іске қосылды, – деді Гүлмира Баширова.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Павлодар облысының оқушылары халықаралық, республикалық олимпиадалар мен түрлі зияткерлік іс-шараларда 311 медальға ие болды, оның ішінде 77 медальді ауыл оқушылары түрлі конкурстарда жеңіп алды.
Сондай-ақ 2023 жылдан бастап 5 толық жинақталған ауылдық мектепті жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшіру жоспарлануда.
Облыстық білім беруді дамытудың инновациялық орталығының басшысы Бақытгүл Аушахманованың айтуынша, өңірде 13 мыңнан астам мұғалім жұмыс істейді. Жаңа жүйе бойынша 75 пайызы аттестациядан өткен.
– 2022 жылы 3780 педагог біліктілігін арттыру курсынан өтті. «Педагогтер мәртебесі» заңы бойынша енді педагогтер 3 жылда бір рет біліктілігін арттырып тұрады. Одан бөлек, облысымыздың 36 педагогы Қазақстан бойынша «Үздік педагог» атағына ие болды, – деді Бақытгүл Аушахманова.
Айта кетейік, бүгінде облыста 114 мыңнан астам бала оқитын 356 мемлекеттік жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Қалалық мектептер – 85 (79528 - 70%), ауылдық мектептер – 271 (34207 - 30%).
Фото: Константин Шелков