Павлодардағы жоғары оқу орындарының бірінде жаңа мамандық пайда болды
Марғұлан университетінде жаңа білім беру бағдарламасы ашылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде Қазақстан үшін жаңа мамандық пайда болды. Ол – ағылшын тілінің медиа мұғалімі. Бұл оқытылатын пән саласында білімі бар, медиа және ақпараттық құзыреттілік деңгейі жоғары, медиа-білім, педагогика, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, журналистика, маркетинг және психология салаларында жан-жақты медиа дағдылары мен білімі бар оқытушы.
Бұл бағдарламаны бүгін Павлодар қаласының Дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің оқушыларына гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің «Шет тілі» білім беру бағдарламасының жетекшісі Әлия Жолдабаева мен кәсіптік бағдар беру бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Мұсанова таныстырды.
Кездесу барысында мектеп түлектеріне биылғы жылы Марғұлан университетінің реестріне енгізілген «Ағылшын тілі, әдебиеті және медиа дидактика» атты жаңа инновациялық білім беру бағдарламасы ұсынылды. Бағдарлама бір тілді – ағылшын тілін, сондай-ақ әдебиеттер блогын оқып-үйренуді және медиа оқытушының құзыреттерін меңгеруді қарастырады. Оқыту нәтижесінде ағылшын тілі маманы интернет-ресурстармен, медиа-контентін, бағдарламаларын жасап, порталдар мен веб-сайттарға жүктей алады. Әзірге Қазақстанда мұндай бағдарлама жоқ.
- Классикалық білім беру бағдарламалары әдетте екі шет тілін қамтиды. Негізгі ағылшын тілі – С2 деңгейіне дейін, екінші шет тілі ретінде неміс немесе қытай тілі – В2 деңгейіне дейін. Бірақ кейде студенттер екі шет тілін бір уақытта оқи алмайды. Жаңа білім беру бағдарламасы тек ағылшын тіліне бағытталады. Сонымен қатар ол қазіргі заманда мұғалімге өте қажет қосымша құзыреттерге ие болады: медиа ресурстармен жұмыс істеу, медиаконтент құрастыру, өз материалын электронды платформаға түсіру, т.б., – дейді Әлия Сәдуқызы.
Болашақ оқытушылар арасында еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды дамыту мақсатында Марғұлан университетінде жаңа инновациялық және пәнаралық білім беру бағдарламалары әзірленуде екенін естеріңізге сала кетейік. Оқу академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ольга Андрющенконың айтуынша, қазір университетте 6 инновациялық бағдарлама әзірленген, жыл соңына дейін тағы 12 бағдарлама әзірленетін болады.
- Біздің саясатымыз білім беру бағдарламаларын толық қайта қарауға, олардың ребрендингіне, жаңғыртуға және жетілдіруге бағытталған. Біз бұл жұмысты уақыт талабына сай мұғалімдік мамандықтардың жаңа атласын қалыптастыру мақсатында жүргізіп жатырмыз, - деп атап өтті Ольга Константиновна.
Айта кетерлігі, ағылшын медиа мұғалімдерін оқытуға ақпараттық технологиялар саласының мамандары мен журналистер тартылады.
Бұл білім беру бағдарламасының артықшылығы – болашақ мұғалімдер оқу үдерісін ұйымдастырудың жаңа формаларын, кәсіби қызметінде ақпараттық технологияларды пайдалануды, оқу процесін онлайн форматта жүргізуді, қашықтықтан оқыту технологияларын тәжірибеде меңгеруді, электронды медиа материалдарын, интерактивті ойындар, анимациялар жасауды, т.б. меңгереді.