Павлодар облысында бір қақпанның өзі тұтас тарихтан сыр шертеді
Успен ауданындағы тарихи-өлкетану музейінде сақталған әр жәдігердің өзіндік сыры бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жастар бастамаларын дамыту орталығы «Тарихтың ізімен» жобасы аясында аудандық тарихи-өлкетану музейіне экскурсия ұйымдастырды. Аталмыш мәдени нысан 1956 жылы ашылған. Алғашында ол Успенка ауылындағы аудандық мәдениет үйінің ғимаратында орналасса, 2015 жылдың 14 желтоқсанында жеке ғимаратқа көшіру мәселесі шешілді.
Қор аудандық тарихи-өлкетану музейі мен Қазақстанның 30 жылдығы атындағы колхоздың тарихи-өндірістік музейінің бірігуі нәтижесінде толықты. Бүгінде мұнда 2369 жәдігер сақтаулы. Коллекция жергілікті тұрғындардың туған өлке тарихын сақтауға деген ықыласының арқасында жыл сайын толығып келеді.


Тарихи-өлкетану музейінің басшысы Бейбіт Бекеновтің айтуынша, мұнда бес зал жұмыс істейді. Олар ауданға қоныс аударушылар тарихына, жауынгерлік даңққа, елді мекеннің қалыптасуы мен дамуына, жетістіктеріне және Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған.
– Экспозицияларда ауданның өткені хронологиялық әрі тақырыптық тұрғыда көрсетілген. Мұнда алғашқы қоныс аудару кезеңінен бастап ауданның құрылуы, Ұлы Отан соғысына қатысушылар, Ауған соғысының ардагерлері, Чернобыль атом электр станциясындағы апатты жоюға қатысқандар, тың игерушілер туралы мәліметтер бар. Фотосуреттер, құжаттар, альбомдар, сондай-ақ жерлестердің мәдениеті мен тұрмысынан сыр шертетін бұйымдар да қойылған, – деді ол.
Бейбіт Бекеновтің айтуынша, музейдегі әр жәдігерлердің өзіндік ерекше тарихы бар. Мәселен, Успенка ауылының тұрғыны Сопельник кезінде радиобайланысшы болып қызмет атқарған радиоқабылдағышын тапсырған. Оның көмегімен қарсылас ұшақтарының радио толқындары ұсталған.


Ал Лозовое ауылының тұрғыны өткізген қасқыр қақпаны соғыстан кейінгі кезеңдегі аңшылықты еске түсіреді. Бұл құралға 20-дан астам қасқыр түскен. Олардың ішіндегі ең ірісінің ұзындығы шамамен екі метр болған.
– Мұнда ғылыми-ағартушылық жұмыстар жүргізіліп, тұрғындардың туған өлке мен Қазақстан тарихына деген білімін тереңдетуге көңіл бөлінеді. Әрбір жәдігер – аудан тарихының бір бөлшегі. Сондықтан тұрғындардың жеке заттарын қорға тапсыруы біз үшін өте маңызды, – деді музей басшысы.

Экспозициядағы жәдігерлердің басым бөлігі ХХ ғасырдың басынан бүгінгі күнге дейінгі кезеңді қамтиды. Олар ауданның қалыптасу жолын ғана емес, бірнеше буынның тұрмыс-тіршілігі мен тағдырын танытатын тарихи дерек ретінде қызмет етеді.