Ертіс жастары: Павлодарлықтарға үй сатып алуға қанша қаражат бөлінді?
Бүгінде жүзден астам тұрғын өтініш беріп үлгерген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар қаласы тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Кенжегүл Жолжақсынова мәлім етті.
Тұрғын үй қатынастары бөлімінің ұйымдастыруымен «Ертіс жастары» жас мамандарға жеңілдікпен несие беру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарламаға өтініштер 5 ақпаннан бастап 9 ақпанға дейін қабылданады. Бұл бағдарламаға денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, әлеуметтік сала, БАҚ, жоғары оқу орындары мен ҒЗИ салаларының өкілдері қатыса алады.
– Бағдарлама басталған екі күннің ішінде 108 үміткердің өтініші қабылданды. Ал ниет білдірушілердің саны одан да көп. Көбі бағдарлама шарттарына сай келмеді, – дейді Кенжегүл Жолжақсынова.
Спикердің мәліметінше, әкімдік пен банктен бөлінген қаражат 691 миллион теңгені құрайды. Бұл қаражат шамамен 40-қа жуық үйге берілген. Ал несиенің ең жоғарғы сомасы – 18 миллион теңге.
Айта кету керек, алдағы уақытта бұл бағдарлама облыстың басқа қалаларында да қарастырылған. «Отбасы банк» басшылығы Ақсу қаласының әкімдігімен келісім жасасқан. Бұл қалада әкімдіктен 100 миллион теңге бөлінсе, банктен де дәл осындай сома бөлінген. Ал Екібастұз қаласымен келісім әлі жүргізілуде. Одан бөлек, банк басшылығы аталмыш бағдарламаны облыс аудандарында да өткізуге ниетті.
Еске сала кетейік, өтініштер Ломов көшесі, 38 мекенжайы бойынша орналасқан Жастар бастамаларын дамыту орталығында қабылдануда. Жұмыс уақыты – 10:00-ден 17:00-ге дейін түскі үзіліссіз жасалады.