Павлодарлық ҮЕҰ арасында мыңдаған еуроға грант ойнатылады
Оны алу үшін үш күндік оқудан өтіп, шағын гранттар байқауында жеңіске жету керек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ақпараттық-ресурстық орталық» қоғамдық қоры, Павлодар қаласы мен Павлодар облысының ҮЕҰ және СМ атынан өкілдік ететін қоғамдық белсенділерді Қазақстандағы Еуропалық Одақтың қаржылық қолдауымен «Қазақстандағы саяси диалогтың негізгі құрамдас бөлігі ретінде азаматтық қоғам субъектілері іске асыратын мемлекеттік даму бағдарламаларының мониторингі» жобасы шеңберінде бірлескен іс-шараларға қатысуға шақырады.
– Бұл – Қазақстан үшін маңызды бастама. Жоба мемлекеттік бағдарламалардың ашықтығы мен есептілігін арттыруға ықпал етеді. Бұдан басқа, сектораралық өзара іс – қимыл және әріптестік тетіктері жетілдіріліп, елдің даму бағдарламаларын әзірлеу мен іске асыруда саяси диалог негіздері күшейтіледі, – дейді «Ақпараттық-ресурстық орталық» қоғамдық қорының ұйымдастырушылары.
Айта кетейік, байқау жеңімпаздары мониторингтік іс-шараларға қатысқаны үшін 10 000 еуро алады. Шағын гранттар конкурсы туралы қосымша ақпарат тренингте айтылады. Жарыс ұйымдастырушылары конкурс туралы толық ақпаратты аталмыш тренингте 20-22 тамыз күні сағат 10:00-де «Ертіс» қонақ үйінің конференц-залында ұсынады.