Павлодар облысында экскаватор тиелген жүк көлігі көпірді бұзды

Павлодар облысында экскаватор тиелген жүк көлігі көпірді бұзды
Фото: «ҚазАвтоЖол» облыстық филиалы

Зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, «Қызылорда-Павлодар» автожолында SHACMAN маркалы жүк көлігінің жүргізушісі көпір өткелінен өту кезінде бетон арқалыққа соқтығысқан. Қазіргі уақытта іс материалдары сотқа жолданды.

Белгілі болғандай, оқиға 21 қараша күні орын алған. Жүк көлігі экскаваторды тасымалдап жатқан тұста, көпірге соққы берген.

«ҚазАвтоЖол» компаниясының облыстық филиал басшысы Ермұрат Нұрхановтың айтуынша, жүргізуші экскаватордың шөмішін тым жоғары көтеріп, көпірден өту биіктігі – 5,5 метр талабын сақтамаған. Соның салдарынан экскаватордың шөміші көпірдің төменгі бөлігіне соғылып, темірбетон құрама-монолитті конструкцияның екі ортаңғы арқалығын зақымдаған. Оның ішінде шеткі арқалық ең көп зиян шеккен.

Мамандар тексеру барысында төменгі бетон қабырғасының мүжілгенін, арматуралардың үзілгенін және кейбір бөліктерінің майысқанын, сондай-ақ арқалықтарда көптеген жарықтар пайда болғанын анықтады. Бірінші арқалықтың жағдайы «апатқа дейінгі» деп бағаланса, екінші арқалықтағы жарықтар көпірдің жұмысын уақытша шектеуге негіз болды.

– Тексеру кезінде арқалықтың құлау немесе бүкіл көпірдің опырылу қаупі анықталған жоқ. Көпір толық зерттеліп жатыр. Сараптаманың қорытындысы шыққанша көлік қозғалысы шектеледі. Қажетті жол белгілері қойылып, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды, – деді «ҚазАвтоЖол» компаниясының облыстық филиалы басшысы Ермұрат Нұрханов.

Компания мамандарының айтуынша, зақымданған екі арқалықты толық ауыстыру қажет.

– Ауыстырылуы тиіс екі арқалықтың жалпы құны шамамен 100 миллион теңге. Біздің облыста мұндай темірбетон конструкцияларын шығаратын өндіріс жоқ, сондықтан оларды Алматыдан арнайы тапсырыспен жеткізуге тура келеді. Сот шешімі шыққаннан кейін ғана жөндеу жұмыстары басталады. Қазір нақты жұмыстардың орындалу мерзімін айту қиын. Оның үстіне, алдағы қыстың келуі жұмысты одан әрі қиындатып отыр, – деді филиал басшысы.

Компания мамандары жүргізушілерге айналма жолдарды пайдалануды ескертеді. Астана бағытындағы көліктер Береке ауылына қарай бұрылып, алты шақырымдық айналма жол арқылы негізгі трассаға қайта қосыла алады. Кері бағытта жүретіндер Баянауыл автожолына бұрылып, ары қарай Қалқаман арқылы өтуі тиіс.