Павлодар облысының төрт ауданында полигондар салынады

Павлодар облысының төрт ауданында полигондар салынады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде заңдастырылмаған табиғи полигондар мәселесі өткір болып тұр, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.   

Павлодар облысы бойынша бас мемлекеттік экологиялық инспекторы Әсет Сыздықовтың айтуынша, облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтар орналастырудың 321 нысаны бар, оның төртеуінде қажетті рұқсат құжаттары бар. 

– Бүгінгі таңда әкімдік төрт елді мекен –  Ертіс, Тереңкөл, Майқайың, Баянауыл ауылдары үшін полигондар салуға жобалық-сметалық құжаттарды әзірледі және ведомстводан тыс кешенді сараптама қорытындыларын алды, – дейді Әсет Сыздықов.

Аталмыш жобаларға республикалық бюджеттен қаражат бөлінеді.

Қазіргі уақытта «Қазақстан Ғарыш Сапар» «ҰК» АҚ космониторинг жүргізуде. Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері анықталған жағдайда департамент ҚР қолданыстағы заңнамасы шеңберінде тиісті шаралар қабылдайтын болады. 2024 жылы космомониторингінің нәтижелері бойынша 205 рұқсат етілмеген қоқыс орны анықталған, олардың барлығы жойылды.  

Айта кету керек, ағымдағы жылы (2025 жылғы 10 қаңтарда) «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексіне түзетулер енгізілді. Атап айтқанда, арнайы белгіленген орындардан тыс жерлерде қоқыс шығарғаны үшін жазалау шаралары күшейтілді. 

– Жеке және заңды тұлғалар үшін арнайы белгіленген орындардан тыс жерде қоқыс шығарғаны үшін 100-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Бір жыл ішінде 200-ден 2000 АЕК-ке дейін қайталама бұзушылық жасағаны үшін, көлік құралдары мен бұзушылық жасау құралы болып табылған өзге де заттар тәркіленеді, – дейді бас инспектор. 

Шығарындыларды бақылауды қатаңдату мақсатында экологиялық кодекс бірінші санаттағы нысандарда шығарындылар көрсеткіштерін онлайн режимде қадағалауға және кәсіпорын тарапынан профилактикалық сипатта да, сондай-ақ мемлекеттік бақылау тарапынан шаралар қабылдауға да жедел ден қоюға мүмкіндік беретін автоматтандырылған мониторинг жүйелерін енгізуге міндеттеді.

Бұл ретте, Павлодар облысы бойынша 15 кәсіпорын талаптарға сай келеді, оның ішінде 11 кәсіпорын АБЖ орнатқан. Төрт кәсіпорын АБЖ жоспарлау, сатып алу және орнату жұмыстарын жүргізеді.