Павлодар дәмі – елорда нарығында: Астана қаласында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті

Павлодар облысының диқандары Астана қаласында өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне қатысып, өнімдерін ұсынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биылғы жыл өңір үшін ерекше табысты болды: жоғары өнім, ауыл шаруашылығы өнімдерін тұрақты өңдеу, мемлекеттік қолдау мен диқандардың еңбекқорлығы бүкіл елге Павлодар жерінің әлеуетін көрсетті.
Жәрмеңкеге Павлодар облысының 10 ауданынан және Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалаларынан 80-нен астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындары қатысты. Жәрмеңкеге әкелінген өнімнің жалпы көлемі 550 тоннаны құрайды. Оның ішінде 60 тонна ет өнімдері (сиыр еті, қой еті, жылқы еті, тауық, күркетауық), 430 тонна картоп, көкөніс пен бақша өнімдері, 11 тонна балық, 8 тонна бал, 7,5 тонна шұжық өнімдері, сондай-ақ өңірлік брендке айналған сүт өнімдері ұсынылды.
Павлодар облысы өзінің шалғынды алқаптарымен, суармалы жерлерімен, инновациялық шешімдерімен және агротехнологияларымен танымал. Бүгінде бұл факторлар өнім сапасының негізгі кепіліне айналып отыр.
Өңірдің басты мақтаныштарының бірі - ет өнімдері. Ертіс бойындағы жайылымдар мен Баянауылдың шүйгін шабындықтарында табиғи жағдайда жайылған малдың еті ерекше дәмі мен жоғары құндылығымен ерекшеленеді. Павлодардан жеткізілген ет өнімдеріне Астана қаласының тұрғындары да жоғары баға берді.
– Біз Павлодардан келетін жәрмеңкені үнемі күтеміз. Қысқа арнап ет пен көкөністер аламыз. Фермерлердің еңбегіне және павлодарлықтардың жәрмеңке ұйымдастырудағы тазалық пен қызмет көрсетуіне ризамыз – өте жағымды әсер қалдырады, – деді жәрмеңке қонақтарының бірі.
Сонымен қатар, жәрмеңкеде өңірлік брендке айналған картоп пен көкөніс өнімдері де ұсынылды. Олардың қатарында «Ақтоғай Агро» ЖШС, «КронАгро» ШҚ, «АгроЛогистик» ЖШС, «Арман» ШҚ, «АгроКапитал» ЖШС және тағы басқа шаруашылықтар бар. Сүт өнімдерін «BEST MILK» ЖШС мен «Сүт өнімдері» ЖШС ұсынды. Сондай-ақ, «Эко-Дом» ЖШС-нің фирмалық 100 пайыз табиғи өнімі – «Павлодар түрлі-түсті құрты» ұсынылды.
Жәрмеңке астаналықтар мен қала қонақтары үшін нарықтық бағадан 15-20 пайыз төмен бағамен азық-түлік сатып алуға тамаша мүмкіндік болды. Барлық тауарлар тікелей өндірушілерден жеткізіліп, делдалдық үстемақыны болдырмай, қолжетімді бағада сатылды. Мұндай ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері Павлодар қаласында да апта сайын «Жайлау» фермерлік базарында тұрақты түрде өткізіліп тұрады.
Өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінді. Барлық ет өнімдері QR-коды бар ветеринарлық анықтамамен бірге ұсынылды. Бұл анықтамада өнімнің шығу тегі, зертханалық сараптама нәтижелері мен тасымалдау шарттары туралы толық ақпарат бар. Бұл – тұтынушы сенімін арттыратын заманауи тәсіл.
Павлодарлық жәрмеңке рекордтық сұраныспен өтті және бұл шара Павлодар облысының агроөнеркәсіптік кешені үшін үлкен маңызға ие болды. Бұл – тек өнімді сату мен фермерлердің табысын арттыру ғана емес, сонымен қатар, Қазақстанның аграрлық өндірісінің көшбасшыларының бірі ретінде өңірдің беделін нығайту. Мұндай жәрмеңкелер елорда маңындағы азық-түлік белдеуін дамытуға, импортты алмастыруға және жергілікті өнімнің танымалдылығын арттыруға ықпал етеді.
Облыс әкімінің орынбасары Айгерім Қабылтаева диқандарға көрсетілген ауқымды мемлекеттік қолдау туралы айтты. Бұл қолдау биылғы маусымның табысты болуына үлкен үлес қосты.
– 2025 жылы өңір диқандарына 54 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «Павлодар» ӘКК арқылы ауыл шаруашылығы өндірушілері «Агробизнес» және «Кең дала» бағдарламалары аясында несиелер алды. Барлық деңгейдегі бюджеттерден субсидияға, өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын және қайта өңдеу саласын дамытуға 30 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді. Бұл көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарын тиімді жүргізуге, шаруашылықтарды жаңғыртуға және өнім сапасын арттыруға мүмкіндік берді, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Дәмді және табиғи өнімдерден бөлек, жәрмеңке қонақтарына мәдени бағдарлама да ұйымдастырылды.
Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорынан этно-фото аймақ жасалып, киіз үй элементтері мен ұлттық маталар қойылды. Мерекелік бағдарламаны И. Байзақов атындағы облыстық филармонияның және «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының шығармашылық ұжымдары жандандыра түсті.
Павлодар облысы Қазақстанның аграрлық картасында ішкі нарықты ғана емес, экспортты да азық-түлікпен қамтамасыз ете отырып, маңызды орын алады. Астанада өткен жәрмеңке - жай ғана өнім сату емес, бұл - өңірдің ауыл шаруашылығы қуатын, тұрақтылығы мен орнықты дамуын көрсету. Бұл – Павлодардың дәмі, жердің, күннің, таза ауаның және өз ісіне деген сүйіспеншіліктің дәмі.