Павлодар облысының әкімі инвесторлармен кездесті
Кездесуде инвесторлардың мәселелері талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Инвесторлар үйінде өткен отырыста облыс әкімі Асайын Байханов өңір үшін әр инвестор маңызды екенін атап өтті.
- Біз тек халықты ғана тыңдап қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашатын инвесторлардың өтініштеріне де құлақ асуымыз керек. Менің бастамаммен кездесудің осындай жаңа форматын ашып отырмыз. Әрқайсыңызды көріп, тыңдап, біздің деңгейде шешілетін қандай мәселелер бар екенін білгім келеді, - деді Асайын Байханов.
Павлодар облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ернұр Жәутікбаев 2023 жылы облысқа 851 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланғанын атап өтті. Қаңтар-наурыз айларында 116 млрд теңге тартылды.
Сондай-ақ облысқа өндірістік орындар салу бойынша 63 жаңа жоба тартылды. Олардың жалпы сомасы 560 млрд теңгені құрайды. Жобалар 2023-2026 жылдары жүзеге асырылады.
- Алдағы жылдар бірқатар ірі жобалар ісе асырылады. Ерекше бақылаудағы жобаларға тоқталсам, Екібастұзда екі ферроқорыту зауыты салынуда. Жалпы сомасы 254 миллиард теңгені құрайды. Бұл қалада техникалық кремний зауытының жобасы да жүзеге асырылуда. Биыл негізгі ғимараттарын салынып, 2024 жылы іске қосу жоспарланған. Жалпы, барлық инвесторлармен бірлесіп жұмыс жасап жатырмыз, - деді ол.
Жиында техникалық кремний өндірумен айналысатын «Ansa Silicon» ЖШС қаржы директоры Евгений Коган өз мәселелерін айтып өтті. Жоба бойынша кәсіпорын жылына 35 мың тонна кремний өндіреді. Өнімнің барлығы шет елдерге шығарылады.
- Бүгінде меншік иесі 20 миллион доллар инвестиция құйды. Қазір компания инфрақұрылым тарту бойынша белсенді жұмыс жасауда. Электр желісін тарту жұмысы аяқталды. Биыл 500 киловольттық станция мен темір жол салуды көздеп отырмыз. Сол арқылы үлкен құрылысқа шығамыз. Негізгі құрылысты 2024 жылдың басында бастауға тиіспіз. Алайда, қазір мердігермен ортақ шешім таба алмай жатырмыз. Өйткені бәрі қымбаттады, тасымалдау да қымбаттады. Осыған байланысты құрылыстың уақыты шегерілуде. Біз жобаны экологиялық бөлігін сақтайтын, тиімді мердігерді іздеудеміз, - деді Евгений Коган.
Сонымен қатар, жиында никель кенін өндіріп, өңдеумен айналысатын және темір жолға қажетті бөлшектер шығаратын кәсіпорынның, Екібастұздағы екі ферроқорытпа зауытының өкілдері де өз мәселелерін көтерді.
Облыс әкімі Асайын Байханов мұндай кездесулер әр тоқсан сайын өтетінін айтты. Оған қоса, келесі отырысқа дейін барлық жоба иелерін жеке қабылдап, келесі отырыста бүгінгі мәселелердің шешімі айтылатынын атап өтті.
Оразбек Саяхат