Тереңкөл кәсіпкерлері типтік нарықтарды қайта жандандыруды ұсынды

Бұл бастама халықты қолжетімді бағамен азық-түлікпен қамтамасыз етуді жақсарта түседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Кәсіпкер Гүлмира Нұрханованың пікірінше, бұл бастама тұрғындарды сапалы әрі арзан өнімдермен қамтамасыз етуге үлкен үлес қосады.
– Бұрын мұндай нарықтар болған. Егер коммуналдық базарлар әкімдік қарамағында болса, олар жылу, жарық және басқа да қажетті жағдайлармен қамтамасыз етіледі. Осындай сауда орындары кем дегенде аудан орталықтарында болуы керек деп ойлаймын, – дейді кәсіпкер.
ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова типтік коммуналдық базарларды қайта қалпына келтіру мәселесі министрлік деңгейінде қаралғанын атап өтті.
– Біз нарықты лицензиялау жағын қарастырдық. Халықаралық тәжірибені зерттедік. Бірақ, бұл үздіксіз мемлекеттік қолдауды қажет ететіндіктен, тиімсіз деп санаймыз. Біз мықты бәсекеге қабілетті бизнес қалыптастыруымыз керек. Егер кәсіпкерлер тұрақты жеңілдіктер жағдайында жұмыс істесе, олар ұзақмерзімді дамуға жете алмайды. Қазір біз 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін қолжетімді бағамен ұсынып отырмыз. Ал қалған өнімдер «баға–сапа» қағидасына сай реттеледі, – деп түсіндірді Айжан Бижанова.
Ол сондай-ақ ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, жаңа өнім өндіруді қолдау шараларын қолға алғанын және экспорттық саясатты қайта қарау мәселесі қарастырылып жатқанын айтты.
– Біздің өнім әрдайым экологиялық таза әрі ерекше. Оған тек көршілес елдер ғана емес, үшінші елдер де қызығушылық танытуда. Әсіресе, ешкі мен түйе сүті, сұйық және құрғақ лецитин сұранысқа ие. Инновациялық өндірістерге арнайы қолдау көрсетіледі, – деді бірінші вице-министр.
Өз кезегінде Гүлмира Нұрханова Теренкөл ауданында нарық жұмысын ұйымдастыру бойынша пилоттық жоба әзірлеуді ұсынды. Кәсіпкерлер бұл бастаманы жергілікті мемлекеттік органдар мен аудандық мәслихат депутаттары қолдайды деп үміттенеді.