Павлодарлық шенеунік эко-әдеттердің қоршаған ортаға қандай әсер тигізетінін айтып берді
@Pavlodarnews.kz тілшісі инженер-экологтан эко-әдеттерді ұстанудың пайдасы туралы сұрастырып білді.
Мәдина Балтабаева Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасында экологиялық реттеу бөлімінің басшысы болып жұмыс істегеніне сегіз жыл болды. Ол жоғары білімі бойынша – инженер-эколог.
Ол экология саласында білімі бар, тәжірибесі мол шенеуніктердің қатарында. Табиғат пен қоршаған ортаға жақын екенін жасырмайды.
– Эко-әдеттер қарапайым естіліп тұрса да, ең алдымен үйден, қоршаған ортадан, ауладан басталады. Табиғатта және қоғамдық орындарда демалу мәдениетін сақтау керек. Менің ойымша, көпшілік үшін тұрмыстық қоқыстарды пластик пен макулатураны сұрыптау, полиэтилен пакеттің орнына матадан жасалған сөмкені пайдалану сияқты экологиялық әдеттерді сақтау қиынға соқпайды, – деді Мәдина.
Шенеуніктің жұмыс орнында да қайта өңдеуге арналған арнайы қағаз бен пластикті бөліп тастайтын контейнерлер тұр.
– Қала аулаларында пластикке арналған 400-ге жуық торлы контейнер орнатылған. Осы контейнерлердің толуына байланысты тұрғындардың экологиялық санасы қалыптастырылған деп айтуға болады. Пластмассаны қайта өңдеу кәсіпорны бар екенін ескере отырып, қажетті контейнерге бөлек жинау қазірдің өзінде қоршаған ортаны қорғаудың жалпы ісіне үлес болады, – деп санайды Мәдина.
Оның ойынша, сарқылатын және сарқылмайтын ресурстарды да үнемдеу әдетке айналдыру қажет.
– Су, энергия, жылу көздерін үнемдеу – экологияның тұрақты дамуына түрткі болады. Тұрмыстық жағдайда ыдыс, тіс, қол жуған кезде шүмекті үнемі ашық қалдырмай, жауып тұруға тырысу қажет. Ал, шаруашылық мақсатта егістіктерде тамшылатып суару әдісіне көшу керек,– деді спикер.
Мәдина Балтабаеваның негізгі лауазымдық функцияларына 3-санаттағы объектілер бойынша жобаларға мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу, 2-санаттағы объектілер үшін экологиялық рұқсаттар беру, облыстың экологиялық кеңесінің отырыстарын өткізу кіреді.
Сондай-ақ, ол өңір аумағында көзделіп отырған қоғамдық тыңдауларды реттеумен және ұйымдастырумен айналысады. Оның сөзінше, бір жылда орта есеппен жүзге жуық ашық форматтағы тыңдаулар өтеді. Ал, 200-ден астамы «Экопортал» арнайы ақпараттық ресурсында жария талқылау нысанында өткізіледі.
Еске сала кетейік, 23 маусым Қазақстанның мемлекеттік қызметшілері кәсіби мерекелерін атап өтеді.