Арман Қуанышбаев Павлодарда эгоизм жайлы уағыз айтты

Арман Қуанышбаев Павлодарда эгоизм жайлы уағыз айтты
Фото: Константин Шелков

Арнайы іс-сапармен келген діни ұстаз белгіленген кесте бойынша орталық мешітінің жамағатымен кездесу өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚМДБ «Балаби қари» қарилар дайындау орталығының директоры, республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі Арман Қуанышбаев Павлодар, Екібастұз қаласындағы мешіттерде тағылымды дәріс айтуда.

Танымал ұстаз Ақшам намазынан кейін Мәшһүр Жүсіп мешітінде халықпен эгоизм, менмендік, тәкаппарлық тақырыбында ой өрбітті. Кездесу аясында Арман Қуанышбаев жұртшылыққа адамды өзгелерден жоғары ұстауға итермелейтін ішкі сезім, жағымсыз мінез-құлық көкіректіктің  зияндылығы, менмендікті жоюдың маңыздылығы, тәубе ету, осынау озбыр мінезден аулақ болу жайлы жиналған қауымға толыққанды мағлұматтар берді. 

– Тәкаппар адам екі дүниеде де оңбайды. Тәкаппарлық, өзімшілдік, өзгені менсінбеу – менмендіктің үлгісі. Исламда менмендікті жоюдың маңыздылығы сонша, ол туралы қанша айтылса да артықтық етпейді.  Өйткені, ақыреттегі мәңгілік бақытты ғұмыр осынау озбыр мінезден аулақ болғандарға бұйырмақ. Алла тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Жер бетінде тәкаппарланып жүрме!  Өйткені, сен ешқашан жерді тесіп кете алмайсың және таулардан биік бола алмайсың. Бұлардың барлығы Раббыңның құзырында жеккөрінішті жаман қылықтар саналады» – деген аят түсіріп, мұндай мінезді жақсы көрмейтіндігін білдірген, – дейді діни ұстаз.

Сондай-ақ, ол Ислам дініндегі пенденің өзіне деген махаббаты мен менмендіктің арасын қалай ажырату керектігі жайлы сөз қозғады. 

– Бүгінде психологияда өзіңді жақсы көру керексің, өзіңді сүймеген жағдайда адамның қадірі болмайды деп айтып жатыр. Адам шектен шығып менмендікке салынбауы керек. Дінімізде пенде өзін жақсы көріп қабыл етуді бастау керек. Алла разылығы үшін өзіне деген қарым-қатынасы дұрыс болу керек. Яғни, денсаулығына мән беруі, рухани ахуалына көңіл бөлуі, білім алуы, дұрыс тамақтануы және тағы сол сияқты, – дейді ол.

Оның айтуынша, адамның иманы, Аллаға деген махаббаты алдымен оның іс-әрекетінен, өзгелерді жақсы көре білуінен көрінеді. Адамның әр ісі мен сөзі – мұсылмандығының дәлелі.

Жиын соңында спикер азаматтарға дәстүрлі Ислам құндылықтарынан дұрыс ақпараттар беріп, жамағаттың көкейінде жүрген сауалдарына тұшымды жауап берді.