Павлодарлық оқушылар «Айбын-2024» жиынында бақ сынауда
Алматы қаласының «Али» оқу полигонында жыл сайынғы «Айбын-2024» әскери-патриоттық жастар жиыны өтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, оқу полигоны аумағында 43 командадан тұратын 700-ден астам жасөспірім мен оқушыдан тұратын шатырлы лагерь ашылды. Іс-шараға Қазақстанның барлық өңірлерінен жастар жиналды. Қарулы күштердің әскери-патриоттық клубтарының, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледждің, «Жас ұлан» республикалық мектептерінің, конкурстық іріктеуден өткен облыстық әскери мектеп-интернаттардың тәрбиеленушілері қатысты.
– Павлодар облысының атынан «Қайсар» әскери-патриоттық клубынан 10 ұл және бес қыз, сондай-ақ Қабанбай батыр атындағы «Жас сарбаз» мектеп-лицей-интернатының 15 тәрбиеленушісі қатысты. Биыл Әзірбайжан мен Өзбекстанның әскери бөлімдері жиынға шақыруды қабылдап, 14-17 жас аралығындағы өз командаларын дайындады, – деді басқармада.
Байқау бағдарламасына «Айбын дарыны» интеллектуалды ойыны және «Күшіміз бірлікте» әскери-далалық тактикалық ойыны, «Айбын жұлдызы» шығармашылық байқауы және робототехника бойынша жарыс, әскери эстафета, АК-74 автоматын бөлшектеу және құрастыру, пневматикалық мылтықтан ату, арқан тарту тапсырмалары енгізілген.
Жиын өткізу кезеңінде әскери техника көрмесі мен фильмдер көрсетілді, мұражайдың көшпелі экспозициясы ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, жиынға қатысушылар «Айбын-достық мекені» саябағына ағаш отырғызады, ардагерлермен, танымал және медиа тұлғалармен кездесулерге қатысады.