Павлодарлық оқушылар желкенді лагерьге аттанды

Олар алдағы бір аптада желкенді спорттың негіздерін меңгермек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оқушылар Омбы облысының Черлак ауылында жыл сайын ұйымдастырылатын «Достық» халықаралық желкенді лагерь жұмысына қатысады. Бұл бағдарлама Павлодар География үйі мен Черлак желкенді орталығының ынтымақтастығы аясында сәтті жүзеге асырылып келеді
География үйінің директоры Александр Вервекиннің айтуынша, бұл сапар демеушілер мен облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мамандарының қолдауымен мүмкін болды. Жол бойында балалардың қауіпсіздігін полиция қызметкерлері қамтамасыз етеді.
– Лагерьде балалар белсенді демалып, желкенді спорттың қыр-сырын меңгереді, сондай-ақ Омбы облысындағы өз құрдастарымен танысады. Бұл өңірде желкенді спорт – қолжетімді әрі жыл бойы дамы үстіндегі бағыт, — дейді Александр Вервекин.
Лагерь барысында балаларға «Сібір» яхтасында бірнеше рет дүниежүзін айналып шыққан, тәжірибелі саяхатшы, Омбы яхта клубының директоры Сергей Щербаков сабақ береді. Ол қатысушыларға яхтаны жабдықтау, желді ұстау және желкенмен жүзу дағдыларын үйретеді.
Жоба тарихы тоғыз жыл бұрын ПавГео мен Ресей географиялық қоғамының Омбы бөлімшесі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған сәттен кейін басталған.