Павлодар облысында жемқорлардан тәркіленген қаржыға мектеп салынады
Қазақстанда 15 мыңға жуық оқушыға арналған 20 жаңа мектеп құрылысы жоспарланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жемқорлардан тәркіленген қаражатқа салынатын білім беру нысандарының тізімі ведомствоның сайтында жарияланған.
Апатты мектептерді ауыстыратын 2740 оқушыға арналған 5 мектеп құрылысы, үш ауысымда оқытуды жою үшін 1200 орындық 1 мектептің құрылысы, оқушы орынының тапшылығын жою үшін 8976 оқушыға арналған 11 мектептің құрылысы, тозығы жеткен мектепті ауыстыратын 200 орындық 1 мектептің құрылысы, екі мектепке қосымша корпустар салу жоспарланып отыр.
Шымкент қаласында, Жетісу және Қызылорда облыстарында үш мектептен, Жамбыл облысында төрт мектеп, Астана қаласы мен Алматы облысында екі мектептен, БҚО, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында бір мектептен салынады.
Өткен жылы Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорынан 96 миллиард теңгеге 76 738 оқушы орнына арналған 62 жоба қаржыландырылған болатын.