Екібастұзда өз-өзіне қол жұмсамақ болған ер адам құтқарылды
Ол көп мөлшерде дәрі ішіп қойған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, ер адамның жоғалғаны туралы оның анасы хабарлап, көмек сұраған.
- 30 наурызда Екібастұз полициясына әйел хабарласып, ұлын іздеуге көмектесуін сұрады. Оның айтуынша, екі күн бұрын ұлы Chery Tiggo 4 маркалы автокөлігін мініп, белгісіз бағытқа кеткен және байланысқа шықпай қалған. Дереу іздеу жұмыстары басталып, барлық полиция гарнизоны іздеуге жұмылдырылды, жедел-іздестіру шаралары жүргізілді. Іздеуге еріктілер, жоғалған адамның туыстары және қаланың азаматтары қосылды, — дейді Екібастұз қаласы полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбергенов.
Іздеу барысында полицейлер қаланы тексеріп, бір аулада оның автокөлігін тапқан. Кейін жалға алынған пәтерден өзі табылған.
- Полиция қызметкерлері оның көп мөлшерде дәрі-дәрмек қолдана отырып, өміріне қол жұмсамақ болғанын анықтады. Бір сәт те жоғалтпай, тәртіп сақшылары жедел жәрдем шақырып, ер адамды дәрігерлерге тапсырды. Біз еріктілерге және ер адамды табуға көмектескен барлық қамқор азаматтарға алғыс айтамыз, — дейді басқарма бастығы.
Ведомствода атап өткендей, адам жоғалған жағдайда іздеуге барынша көп қызметкерлер, қосымша күштер және тұрғындар қатысады. Іздеудің сәтті болуына негізгі фактор – уақытылы полицияға хабарлау.
Тәртіп сақшылары азаматтарға жақындарының сезімдеріне бейжай қарамай, әрдайым байланыста болуға шақырады.