Павлодар облысының әкімі жер комиссиясының мүшелеріне жер заңын оқытуды тапсырды
Өткен жылы облыста ауыл шаруашылығы айналымына 603 мың га жер берілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен аппараттық жиында өңірлік жер қатынастары басқармасы басшысының м.а. Мұрат Хамитов мәлім етті.
– Өткен жылы 44 конкурс өткізіліп, 706 учаске берілді. Конкурстан тыс 611 учаске берілді. 2023 жылы ауыл шаруашылығына 310 мың гектар жер беруді жоспарлап отырмыз, – деді Мұрат Хамитов.
Сондай-ақ 2022 жылы кәсіпкерлік мақсатта облыстың елді мекендерінде 41 электрондық аукцион өткізілді. Онда коммерциялық мақсаттар үшін 72,3 млн теңге сомасына көлемі 271,9 га болатын 105 учаске сатылды.
Мұрат Хамитовтың айтуынша, ауыл шаруашылығы бағытында жер бөлу бойынша облыста 14 жер комиссиясы бар. Комиссия құрамында 9-27 адамға дейін болады. Заң бойынша комиссия құрамы жыл сайын ауысады. Жыл ішінде де шамамен 30 пайызы ауысады.
Облыс әкімі Асайын Байханов конкурс арқылы жер бөлуде комиссияның жұмысына қатысты шағымдар көп түсетінін атап өтті.
– Комиссияның 2/3 бөлігі қоғам белсенділері, яғни мемлекеттік қызметкерлер емес. Оның көбі – заңгерлер емес. Тіпті, жер саласындағы заңгерлер емес. Сондықтан оларға заңды таныстыру керек. Егер ол комиссия мүшесі болса, жер қатынастары саласында базалық заңды білуі тиіс. Тренингтер өткізіп, бұл жұмысты қолға алыңыздар, – деді облыс әкімі.
Оған қоса, Асайын Байханов комиссияның шешім қабылдайтын сәтін халыққа ашық көрсетуді тапсырды. Бұл сәт тікелей эфирде көрсетілуі тиіс екенін айтты.
Сонымен қатар, Мұрат Хамитов 2022 жылы облыстың 36 ауылында 282 мың га жайылымдық жер тапшылығы анықталғанын айтты. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 111,8 мың га жайылым бөлінген. Қазіргі уақытта жайылымдық жердің тапшылығы 139 мың га құрайды.
Жиында облыстың жер ресурстарын бақсару департаментінің басшысы Бағдат Налибаев өткен жылы ауыл шаруашылығы бағытында игерілмей жатқан 380 мың га жер қайтарылғанын айтты. Биыл да осы көлемде жер қайтару жоспарланып, қазіргі уақытта 30 мың гектары қайтарылған.
Оразбек Саяхат
Фото: Константин Шелков