Павлодарда мектептерге шабуыл: ТМД елдері азаматтарының қатысы бар екені анықталды
Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Рolisia.kz ақпараттық-медиа порталының мәліметінше, қазіргі уақытта Алматы, Ақтөбе, Атырау және Павлодар қалаларында таралған хабарламаларға ТМД елдері азаматтарының қатысы бар екені анықталды. Шетелдік әріптестермен олардың қылмыстық әрекеттерін әшкерелеу бойынша тиісті іс-шаралар жүргізілуде, алайда тергеу мүддесіне байланысты әзірге бұл фактілер бойынша толық түсініктеме берілмейді.
– 25 қаңтардан бастап Telegram мессенджерінде мектептерге шабуыл жасау қаупі туралы анонимді хабарламалар тарала бастады. Хабарламалар Қазақстанның алты қаласында, яғни Ақтөбеде, Атырауда, Алматыда, Павлодарда, Қарағандыда және Қостанайда келіп түскен. Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, – деді ІІМ имидждік жұмыс және ішкі коммуникациялар департаментінің бастығы Альбина Махамбетова.
Сондай-ақ Қарағанды және Қостанай қалаларында шабуыл жасау қаупі бар хабарламалардан кейін кәмелетке толмағандардың Telegram-арналарын ашқаны анықталды. Олар бұрын таратылған хабарламалардың мәтінін көшіріп, оқу орындарының фотосуреттерін орналастырып, өз мектептерінің чаттарына жалған ақпарат жолдаған. Қазіргі уақытта Қарағанды қаласы №15 орта мектебінің жетінші сынып оқушысы және Қостанайдағы №3 мектеп-гимназиясының төртінші сынып оқушысы анықталды. Олардың қылмыстық жауапкершілік жасына жетпегені ескеріліп, ата-аналары бала тәрбиесіне көңіл бөлмегендері үшін әкімшілік жауапқа тартылды.
ІІМ терроризм актісі туралы жалған хабарлама үшін жауапкершілік қарастырылатынын еске салады. Терроризм актісіне дайындық туралы көрінеу жалған хабарлама үшін 5 мың АЕК мөлшерінде, яғни 18 млн теңгеден астам айыппұл не болмаса 5 жылға бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы қарастырылады.
Дүрбелеңге жол бермеу үшін полиция халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бұл ретте оқушыларға ерекше көңіл бөлінеді.
Өткен жылы полиция терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама бойынша 215 қылмыстық іс қозғады. 43 адам анықталды, оның 19-ы кәмелетке толмаған, 7 адам сотталды, оның ішінде екеуі – кәмелетке толмаған.
Еске сала кетейік, мектептердегі жаппай атыс туралы хабарламалар Ақтөбеден кейін Павлодарда таралды. Батыс Қазақстанда осындай хабарламалар қаңтар айының соңында, бұдан бұрын Ресейде жарияланған. Павлодар Telegram арнасының авторы 20 адамнан тұратын топ облыс орталығындағы мектептерде терактілер дайындағанын, олардың әртүрлі қару қолдануы мүмкін екенін хабарлаған. Бұл хабарламадан кейін 5 ақпан күні Павлодар қаласының мектептерінде оқушылардың 44 пайызы келмеді.