Баянауылдағы табиғи паркте өрт шықты
Онда құрғақ шөп пен бұталар жанған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, тілсіз жау Жаңатілек ауылынан 3 км қашықтықтағы Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында шыққан.
- 7 шілдеде сағат 12.50-де Павлодар облысы Баянауыл ауданының Жаңатілек ауылынан 3 км қашықтықта Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің (Долбина орманшылығы, № 60 квартал) аумағында құрғақ шөптер мен бұталардың жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Өрттің болжамды ауданы 548 га, - делінген хабарламада.
Өрт сағат 19.00-де оқшауланып, сағат 19-34-те толықтай сөндірілді.
Өртті сөндіруге орман шаруашылығының, Павлодар облысының ТЖД, жергілікті атқарушы органдардың, ерікті өртке қарсы құралымдардың күштері мен құралдары жұмылдырылды.
Еске сала кетейік, бүгін таңда Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағындағы шыққан өрт жойылған болатын. Өрттің шығуына найзағайдың түсуі себеп болған еді.