Павлодар облысының мекемелерінде сотталғандар жаңа мамандық меңгеруде
Екі мекемеде жаңа оқу жылы басталып, сотталғандардың білім алуына және кәсіби даярлығына назар аударылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, 1 қыркүйекте №44 және №46 мекемелерінде Білім күніне арналған іс-шаралар өтті.
Сотталғандарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, білім мен кәсіби дағдыларды меңгерудің маңыздылығы айтылды. Ведомствода мұндай даярлық олардың қоғамға қайта бейімделуіне және бостандыққа шыққаннан кейінгі өмірге дайындалуына ықпал ететінін атап өтті.
Сонымен қатар №46 мекемеде 25 сотталған «Дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша білім алып жатыр. Оқу мерзімі – 10 ай. Сабақты өндірістік оқыту шебері және арнайы пәндер оқытушысы Ерлан Тоққожин жүргізеді.
– Жаңа мамандықты ашуға БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігінің қаржыландыруы мүмкіндік берген. Бағдарлама аясында оқу кабинеті жөнделіп, қажетті жабдықтармен және құралдармен қамтамасыз етілді. Колледж тарапынан «Дәнекерлеу ісі» бойынша білім беру бағдарламасы әзірленіп, тиісті тізілімге енгізілді. Сондай-ақ лицензияға қосымша алынған, – делінген хабарламада.
Оқу барысында сотталғандар теориялық біліммен қатар практикалық дағдыларды меңгереді. Курсты аяқтағаннан кейін оларға мемлекеттік үлгідегі диплом және біліктілік разряды беріледі.
Ведомствода атап өткендей, кәсіптік білім беру сотталғандарға еңбек нарығында сұранысқа ие мамандық меңгеріп, жазасын өтегеннен кейін жұмысқа орналасуға және қоғамға бейімделуге мүмкіндік береді.