Аққулы ауданында наубайхана ашылды
Нысан Мерғалым ауылында жұмыс істейді бастады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
Аққулы ауданы әкімдігінің мәліметінше, ауыл тұрғыны, жас кәсіпкер Ботагөз Биболат «Дина» наубайханасын «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында іске қосқан. Ол 2022 жылы аталған бағдарлама шеңберінде 1,2 млн теңге грант алып, қажетті жабдықтар сатып алған. Енді мұнда 150 бөлке нан шығарылады.
— Кондитерлік өнімдерді дайындауды бала кезімнен ұнатамын. Мемлекеттік бағдарлама арқылы наубайхана ашуға қолдау көрсеткен ауыл әкіміне, жолдасыма, жерлестеріме алғыс білдіремін. Алдағы уақытта жақын ауылдарға ыстық нан жеткізіп, тұрғындарды жергілікті өніммен қамтуды жоспарлап отырмын, — дейді Ботагөз Биболат.
Наубайхананың ашылуында ауыл тұрғындарына ыстық нан, түрлі салмамен пирогтар, самса, кекс, бәліштер ұсынылды. Қазіргі таңда наубайханада үш адам жұмыс істейді.
Аудан әкімі Абзал Балғабаев жас кәсіпкерді бастамасымен құттықтап, сәттілік тіледі. Ауыл тұрғыны, ауданның Құрметті азаматы Ақылбек Бихиянов ақ батасын берді.