Павлодар облысының тұрғындарын «Таза Қазақстан» акциясы біріктірді
Сенбілікке 200 арнайы техника жұмылдырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз және Ақсу қалаларында республикалық «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында сенбіліктер ұйымдастырылды. Игі шараға қала тұрғындары, жастар, еріктілер, өндіріс орындарының қызметкерлері мен кәсіпкерлер қатысты.
Кеншілер қаласында санитарлық тазалық және қаланы абаттандыру айлығы басталды. Айлықтың ашылуына орай тазалық жұмыстарына жұмылдырылған арнайы техникалардың дайындығы көрсетілді. Іс-шараға Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин мен қалалық мәслихат төрағасы Нияз Макраев қатысты.
– Абаттандыру айлығын бастап кеттік. Бүгін жалпықалалық сенбілік өткізілді. Оған қаланың барлық мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар, шағын және орта бизнес өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Біздің мақсатымыз қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптастыру, – деді Аян Бейсекин.
Сенбілік барысында қала көшелері, саябақтар мен қоғамдық орындар тазартылды. Қатысушылар қоқыс жинап, өткен жылғы жапырақтар мен сынған бұтақтарды шығарды.
Ақсу қаласында да қоғамдық орындар мен саябақтарды тазалау жұмыстары өтті. Сенбілікке қала тұрғындары, жастар, еріктілер және кәсіпорын қызметкерлері жұмылдырылды. Бұл шараға қала тұрғындары қатысып, қала аумағын қоқыстан тазартып, жасыл аймақтарды ретке келтірді.
Мұндай экологиялық шаралар қалалардың тазалығын сақтауға және тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.