Павлодар облысында өрт саны азайғанымен, зардап шеккендер көбейген

Павлодар облысында өрт саны азайғанымен, зардап шеккендер көбейген
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Оқиғалардың бір себебі – көміртегі тотығынан улану, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында өткен жылы өрт саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 57 пайызға азайған. Алайда жарақат алғандар мен қаза тапқандар саны артқан. Бұл туралы Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденов мәлімдеді.

Оның айтуынша, әр жылыту маусымы басталар алдында ТЖД қызметкерлері әлеуметтік қорғау бөлімдерімен бірлесіп, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмек қажет тұрғындардың тізімін нақтылайды.

– Былтыр мұндай тізімде шамамен 1,5-2 мың адам болса, қазір олардың саны 1105-ке дейін азайды. Біз әр отбасымен жеке жұмыс істейміз. Оның ішінде жалғыз тұратын мүгедектігі бар адамдарға ерекше көңіл бөлеміз. Әр тұрғын үйге жеке карточка ашылған. Онда үйді аралау нәтижелері, өрт дабылқаққыштарының бар-жоғы және жүргізілген профилактикалық жұмыстар туралы мәліметтер тіркеледі, – деді Қайрат Шаймарденов.

Өрт дабылқаққыштары жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың көмегімен тегін орнатылады. Жылыту маусымы басталар алдында мамандар құрылғылардың жұмысын тексеріп, қажет болған жағдайда батарейкаларын ауыстырады. Сонымен қатар, көмекке мұқтаж тұрғындарға мұржаларын тазалауға және пеш алдына жанбайтын төсем орнатуға жәрдемдеседі.

– Өрт саны азайғанымен, өңірде зардап шеккендер санының өсуі байқалады. Оқиғалардың бір себебі – көміртегі тотығынан улану. Мұндай қауіп әсіресе күз бен көктемдегі өтпелі кезеңде артады. Бұл уақытта ауа райы жағдайлары пештегі тарту күшінің нашарлауына әсер етуі мүмкін, – дейді спикер. 

Өрттің алдын алу шараларының бірі – ауылдық жерлерде өрт сөндіру бекеттерінің желісін дамыту. Биыл Қазақстанда шалғай елді мекендерде шұғыл көмек көрсету қолжетімділігін арттыруға бағытталған «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.

Биыл өңірде 34 өрт сөндіру бекетін ашу жоспарланған. Қазір оның 17-сі ашылды. Жұмыс жалғасып жатыр. Жыл соңына дейін жоспарланған барлық бекетті ашу көзделіп отыр. Алдағы уақытта қай елді мекендерді қамту керектігі талданады. Басты мақсат – өрт сөндірушілердің оқиға орнына жету уақытын қысқарту.