Павлодарда сұлы сатқан дүкенге қомақты айыппұл салынды
Тауардың құны 195 теңге болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне өтініш түскен. Ағымдағы жылдың тамыз айында қала тұрғыны ірі сауда желілерінің бірінен сұлы сатып алған. Тұтынушының айтуынша, баға белгісіндегі сұлы 195 теңге болған, ал кассаға келгенде 405 теңге сомасына тауарға чек қайтарылған. Баға айырмашылығы 210 теңгені құрайды.
– Сатушы осы жағдайды ескере отырып, Заңның 24-бабына сәйкес сауда объектісінің ішкі және сыртқы витриналарында қойылған баға жапсырмасымен ресімделген көрсетілген құнға сәйкес тауарды сатуға міндетті, ал тұтынушы тауарды сатып алуға құқылы, – деді департаментте.
«Сауда қызметін реттеу туралы» ҚР Заңының 31-бабы 1-тармағының 2-тармақшасына сәйкес ішкі сауда субъектілері өз қызметін жүзеге асыру кезінде тауарды жария оферта, шарттар немесе өзге де мәмілелер талаптарына сәйкес белгіленген параметрлер бойынша сатуға міндетті.
Келіп түскен өтініш негізінде департамент ҚР аумағында сауда объектісінің ішкі және сыртқы витриналарында қойылған, құны жапсырмамен белгіленген бағадан асатын тауарды өткізу мәселесі бойынша ірі сауда желісіне жоспардан тыс тексеру жүргізді.
– Жоспардан тыс тексеру нәтижелері бойынша сауда желісіне 100 АЕК мөлшерінде қысқартылған іс жүргізуде айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданды. Атап айтқанда, 369 200 теңге көлемінде. Сонымен қатар, бұзушылықты жою туралы ұйғарым берілді, – деді департаментте.
Егер тұтынушы осындай жағдайға тап болса, өз құқықтарын қалпына келтіру үшін Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне Павлодар қаласы, Генерал Дүйсенов көшесі 9 мекенжайы бойынша немесе E-otinish.gov.kz өтініштерді қабылдаудың бірыңғай платформасы E-tutynushy.kz бірыңғай ақпараттық жүйе немесе 8(7182)551070 сенім телефоны бойынша жүгіне алады.