Павлодар облысында тұрғын үй секторында өрт саны артқан
Көміртегі тотығымен улану 50 пайызға өсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Оразбек Уалиханов жылыту кезеңінің басынан бастап, яғни 2024 жылдың 1 қазанынан бері өңірде тұрғын үй секторында 94 өрт орын алғанын мәлім етті.
– Бұл – өткен жылыту кезеңімен салыстырғанда 92 пайызға көп. Тілсіз жау төрт адамның өмірін қиып кетті, бес адам жарақат алды. Ал өрт шықпай көміртегі тотығымен уланудан үш адам қаза тауып, үш адам зардап шекті. Бұл – өткен жылыту кезеңімен салыстырғанда 50 көп, – деді Оразбек Уалиханов.
Оның айтуынша, өрттің негізгі себептері – электр жабдықтарын орнату және пайдалану ережелерін бұзу. Бұл ретте, 37 қысқа тұйықталу жағдайы тіркелген. Үйде жасалған электр жылыту құрылғылары мен зақымдалған электр сымдарын пайдалану да өрттің шығуана ықпал еткен.
– Сондай-ақ, электр желісіне үлкен жүктеме бар, желі төтеп бере алмайды, сәйкесінше өрт қысқа тұйықталу кезінде орын алады. Тағы бір маңызды себеп – отты дұрыс қолданбау. Мұңдай тоғыз жағдай тіркелді, – деді басқарма бастығы.
Айта кету керек, жеке еншік үйлер департамент тарапынан бақылау объектілері болып табылмайды, осыған байланысты азаматтармен өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Мамандар тұрғындарды өрттен қорғаудың бір жолы – түтін туралы хабарлау құралдарын, яғни өрт датчиктерін орнату екенін атап өтті. Бұл құрылғылар адамға өрт қаупі туындаған кезде қауіпсіздік шараларын қолдануға мүмкіндік береді.
– Жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың есебінен 762 көміртегі тотығы датчигі орнатылды. Сондай-ақ, түтін мұржалары тазартылды, – деді Оразбек Уалиханов.
Жылу беру кезеңінде адамдардың зардап шегуіне жол бермеу мақсатында департамент қызметкерлері облыс тұрғындарына өрттен қорғауға мүмкіндік беретін газдануды бақылау және хабарлау датчиктерін өз бетінше орнатуды ұсынады.
Сонымен қатар, халыққа жолдардың жабылуы және дауылды ескертулер туралы өзекті ақпарат алу үшін «Дәрмен» қосымшасын жүктеп алу ұсынылады. Қосымша ақпаратты жедел алуға мүмкіндік береді, бұл SMS-хабарламаларға қарағанда тиімдірек болып табылады.