Павлодар қыздары орталық стадионда доп қуды
QJ League ұйымдастырған қыздарға арналған футбол фестивалі облыстық футбол федерациясы мен Mastercard қолдауымен өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық футбол федерациясының бас хатшысы Сейітбек Сембаев хабарлағандай, орталық стадионда 2012, 2013, 2014 және 2015 жылы туған 182 қыз жиналды. Оқушылармен «Ақсу» футбол орталығының жаттықтырушылары, сондай-ақ еліміздің басқа өңірлерінен шақырылған мамандар жаттығу өткізді.
Жас футболшыларды QJ League жасөспірімдер футбол лигасының президенті Рохус Шох пен облыстық футбол федерациясының президенті Ойрат Сәдуов қарсы алды. Қатысушылар мен көрермендер үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, соңында қазақстандық әнші Ayau музыкалық сыйлық арнады.
- Фестиваль өте жақсы өтті. Менің ойымша, қыздар мен ұлдарға бәрі ұнады. Олар ойыннан үлкен рахат алды деп үміттенемін, - деді Қазақстандық футбол аңызы Ойрат Сәдуов.
Көрермендер арасында 100 мың теңгеге сертификат ойналды. Ол Орталық стадион қақпасының «тоғыздығын» дәл көздеген жанкүйерге бұйырды.