Павлодарлық футболшылар Қазақстан Кубогының үшінші кезеңіне шықты

Жексенбі, 23 наурызда «Ертіс» 1/8 финалға жолдама алу үшін таласады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бес дүркін чемпион елдегі екінші маңызды турнирдің алдын ала кезеңінің екінші турында Астананың «SD Family» командасымен кездесті. Қайрат Нұрдәулетовтың шәкірттері басымырақ көрінді, көптеген гол соғатын мүмкіндіктер тудырды, бірақ оларды кәдеге жарату мұңға айналды. Бүкіл матч бойына тек Тамерлан Ағымановтың үш-төрт гол соғатын мүмкіндігі болды.
Үзіліске дейін астаналық футболшылардың қақпасы алдындағы қысым үдей түсті. «SD Family» ойынды өз қақпасынан алыстатпақ еді, алайда Анатолий Красотин алаң ортасында дәл пасымен Максим Вагановты алға шығарды. Ол қарсылас қақпашысымен бетпе-бет шығып, допты алға ұмтылған Арман Смайыловқа аударды – шабуылшы мүлт кеткен жоқ.
Екінші таймның басында Даниил Нырков есепті еселей түсті. Владимир Воменко орындаған айып добын «Ертіс» қорғаушысы баспен астаналықтар қақпасына дәл бағыттады. Бір қызығы, соғылған голдар командамыздың ойынына кері әсерін тигізді. Павлодарлықтар ойын тізгінін жоғалтып, қарсыластарына үміт сыйлады.
«Ертіс» ойыншыларының бір сәттік салғырттығын ұтымды пайдаланған астаналықтар есеп айырмасын қысқартты. Ақтық ысқырықты күтудің азапты сәттері басталды. Қалған минуттарда павлодарлықтардан шеберлігі жағынан төмен болған «SD Family» матчты пенальти сериясына аударуға аз-ақ қалды. Бірақ бәрі біз үшін сәтті аяқталды.
Нәтижесінде «Ертіс» келесі кезеңге өтті. 23 наурызда команда Ақтаудың «Каспий» командасымен Кубоктың 1/8 финалына шығу жолдамасын сарапқа салады. 22-cі күні екібастұздықтар турнирлік тордың қарсы бетінде алматылық «Хан Тәңірі» командасымен ойнайды. Бәрі ойдағыдай аяқталса, «Ертіс» 1/8 финалда «Қайратпен», ал «Екібастұз» «Ордабасымен» ойнайды.
Айта кетейік, жолай кеншілер «Мақтааралды» 3:2, «Алтай-Өскеменді» 1:0 есебімен ұтты. Өткен маусыммен салыстырғанда команда айтарлықтай жаңарды. Кейбір деректер бойынша команданы Андрей Шумара басқарады, басқа деректер бойынша «Екібастұздың» бас бапкері – Рахман Асуханов.