Павлодарда қалдықтарды қайта өңдеу жобалары жүзеге асуда

Павлодарда қалдықтарды қайта өңдеу жобалары жүзеге асуда
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Өңірде экологиялық бастамалар қарқын алып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыста «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында өңірлік жоспар үш негізгі бағытты қамтиды. Олар – экологиялық ойлау мен жауапты мінез-құлықты дамыту, қоршаған орта туралы білімді арттыру және ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейту.

Бұл бастамаларға мемлекеттік мекемелер, кәсіпкерлік өкілдері, білім беру ұйымдары, қоғамдық бірлестіктер мен еріктілер қатысып келеді. Жыл сайын облыста «Таза аула», «Парктер шеруі», «Таза Қазақстан», «Экологияға қосқан үлесі үшін», «Экологиялық білім берудің үздік ұйымы» секілді акциялар мен байқаулар ұйымдастырылып, қоқысты бөлек жинау мәдениетін насихаттайтын жобалар өткізіледі.

Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы құрылыс және табиғатты қорғау шараларын перспективалық дамыту бөлімінің өкілі Гүлнар Сағитованың айтуынша, мемлекет басшысы бастамашы болған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында облыс аумағында көктем айларынан бастап елді мекендерді санитарлық тазалау және абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.

– Биылғы жылдың басынан бері аталған науқанға 350 мың адам қатысып, 45 мың тонна қоқыс шығарылды. Сонымен бірге, 30 мыңнан астам көшет егілді. Бұл шаралардың негізгі мақсаты – тұрғындардың қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертіп, табиғатты қорғау мәдениетін нығайту, – деді бөлім өкілі.

Экологиялық жауапкершілікті арттырудың маңызды тетіктерінің бірі – тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және коммуналдық жүйені тиімді басқару. Осы мақсатта «Жасыл даму» қаражаты есебінен Павлодар қаласында үш ірі инфрақұрылымдық нысан салынып жатыр.

Алғашқы бастама – жылына 150 мың тоннаға дейін тұрмыстық қалдықты сұрыптайтын орталық салу. Бұл нысан қала аумағында жиналатын барлық коммуналдық қоқысты өңдеуге мүмкіндік береді. Құрылыс үшін жер телімі белгіленіп, қажетті техникалық құжаттар дайындалған. Сонымен қатар, жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынған. Нысанды биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Екінші қолға алынған бағыт – пайдаланылған аккумулятор батареяларын жинау, сақтау, тасымалдау және қайта өңдеу кешенін құру. Жылына 20 мың тонна өнімді өңдеуге қауқарлы өндірісті «Тандем Ресорс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Кәсіпорын арнайы экономикалық аймақта орналасады. Қазіргі уақытта бастама екінші кезеңдегі сараптамадан өтуде. Құжаттар «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамы арқылы мақұлданған жағдайда өндірісті биыл іске қосу көзделген.

Үшінші маңызды нысан – қайта өңделген макулатура негізінде қағаз, картон және целлюлоза шығаратын зауыт құрылысы. Өндіріс орны тәулігіне 200 тонна қағаз шикізатын өңдеп, 175 тонна дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді.

Коммуналдық қалдықтарды басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыру мақсатында облыстағы барлық қала мен аудан әкімдіктері арнайы бағдарламалар әзірлеген. Бұдан бөлек, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында табиғатты қорғау бағытында жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсетілуде. Егер өткен жылы осындай ұйымдармен бірлесіп жеті шара өткізілсе, биыл олардың саны 11-ге артқан.

Басқарма жастардың белсенді қатысуымен экологиялық сенбіліктер, фестивальдер, танымдық квесттер, фото және бейнебайқаулар ұйымдастыруды жалғастырып келеді.

– Өңірдегі қалдықтарды басқару инфрақұрылымы аудан орталықтарында да дамытылады. Қазіргі таңда Ертіс, Баянауыл, Тереңкөл аудандары мен Майқайың кентінде қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигондар салу бойынша төрт бастама дайындалды. Олар мемлекеттік және экологиялық сараптамадан оң қорытынды алған. Ендігі кезеңде қаржыландыру мәселесі министрлік деңгейінде қарастырылып жатыр, – деді Гүлнар Сағитова.

Өңірде экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған шаралар тұрақты бақылауда. Жаңа өндіріс орындары мен қайта өңдеу саласындағы бастамалар табиғи ортаға түсетін салмақты азайтып қана қоймай, қалдықтарды басқарудың заманауи үлгісін енгізуге жол ашады.