Павлодар облысындағы орманда алғаш рет сирек өсімдік тіркелді
Бұған дейін түтінді жапырақты лептопирум «Ертіс орманы» аумағында кездеспеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ерекше өсімдікті орман шетінен резерваттың ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің басшысы Арман Жүнісов анықтаған.
Резерваттың қоғаммен байланыс жөніндегі маманы Мариям Омарованың айтуынша, түтінді жапырақты лептопирум сарғалдақтар тұқымдасына жатады және Қазақстан флорасындағы сирек кездесетін түрлердің бірі саналады. Әдетте бұл өсімдік Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Қазақстанның таулы өңірлерінде – Алтай, Сауыр, Тарбағатай және Жоңғар Алатауында өседі.
– Бұл түр туралы мәліметтер Николай Павловтың редакциясымен жарық көрген «Қазақстан флорасы» еңбегінде және басқа да классикалық ғылыми басылымдарда кездеседі. Алғашқы гербарий үлгілері XIX ғасырда зерттеушілер Григорий Карелин мен Иван Кирилловтың экспедициялары кезінде жиналған, – дейді Мариям Омарова.
Plants of the World Online және World Flora Online халықаралық ботаникалық деректер базаларының мәліметіне сәйкес, Қазақстан бұл өсімдіктің табиғи таралу аймағына кіреді. Алайда оның табылған орындары туралы деректер өте аз, бұл түрдің сирек кездесетінін және шектеулі аумақта таралғанын көрсетеді.
Бұған дейін түтінді жапырақты лептопирум резерват аумағында тіркелмеген. Мамандар анықталған популяцияның аз санды екенін айтады – өсімдіктер жеке-жеке немесе шағын топтармен кездеседі.
– Анықталған мекендеу орнындағы түрдің жалпы саны аз деп бағаланады. Сондықтан, оның жай-күйі мен таралуын әрі қарай бақылауды жалғастыру маңызды, – дейді резерват мамандары.
Түтінді жапырақты лептопирум мамыр-маусым айларында гүлдейді. Халықтық және тибет медицинасында ол ертеден қызу түсіретін, тыныштандыратын және ағзаны нығайтатын құрал ретінде қолданылған. Ғалымдар оның қан қысымын төмендететін қасиеттерін де атап өткен.
Мамандардың пікірінше, бұл жаңалық «Ертіс орманы» резерватының биологиялық алуантүрлілігі жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Сонымен қатар, өңірде бұрын тіркелмеген сирек өсімдік түрлерін әлі де анықтауға болатынын көрсетеді.