Павлодарлық педагогтер жасанды интеллект арқылы оқыту әдістерін игерді
«Білім берудегі жасанды интеллект» атты семинар-практикум ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Білім беру бөлімінің мәліметінше, Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатында «Білім берудегі жасанды интеллект» атты семинар-практикум ұйымдастырылды.
Іс-шара педагогтердің білім беру процесінде жасанды интеллектті тиімді қолдану бойынша кәсіби құзыреттілігін дамытуға бағытталған.
Семинардың ұйымдастырушылары – гимназия-интернаттың ұстаздары: математика пәні мұғалімі Айнагүл Амренова, ағылшын тілі мұғалімі Динара Искакова, сынып жетекшілері Құндыз Қабдуахит және Гүлмира Умарова.
Бұл ұстаздар қазан айының 29-30 күндері аралығында Қостанай қаласында өткен «Озат» ақпараттық технологиялар мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында республикалық семинардан алған білімдерін әріптестерімен бөлісті.
– Біз Қостанай қаласындағы «Білім берудегі жасанды интеллект» практикумнен алған тәжірибемізді әріптестерімізбен бөлістік. Білім беру процесінде жасанды интеллектті қолдану әдістерін талқылап, ұстаздар осы саладағы жаңа үрдістерді игеру жолдарын қарастырдық, – дейді ағылшын тілі мұғалімі Динара Искакова.
Аталмыш іс-шара барысында ұстаздар жасанды интеллект құралдарының мүмкіндіктерін таныстырып, олардың білім беру үдерісіндегі тиімділігін көрсетуге бағытталған тәжірибелік тапсырмаларды орындады.
Семинар жасанды интеллекттің заманауи білім беру үдерісіндегі рөлін арттырып, педагогтер арасында оны қолдануға деген қызығушылықты оятты.
Айта кетейік, жасанды интеллект – қазіргі ғылымның жаңа бағыты. Мемлекет басшысы өз Жолдауында келесі жылы Жасанды интеллект ұлттық орталығын іске қосу туралы тапсырма берді.