Павлодарда №1 аурухананың қайта құру жұмыстары аяқталып қалды
Барлық медициналық жабдықтар алынып, әкелінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында құрылыс басқармасының басшысы Қадылжан Сәтиев өңірдегі жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысы туралы баяндап берді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде жалпы сомасы 1,5 миллиард теңгеге денсаулық сақтау саласы бойынша 10 нысанның құрылысы жүргізілуде. Бүгінде құрылыс кестесінен артта қалып отырған жоба жоқ. Барлық нысандар шілде-тамыз айында тапсырылады. 18 жоба бойынша сараптаманың оң қорытындысы алынды. 2,5 миллиард теңге сомасында бюджеттік өтінім қалыптастырылды. Ол денсаулық сақтау министрлігіне жіберілді. Бұдан бөлек екі жоба мемлекеттік сараптаманың қорытындысын күтуде.
– №1 қалалық аурухана бойынша айдың соңына дейін жеті қабатты А блогын және Д және Г блоктарында алты операциялық блокты тапсыру жоспарланған. Қазіргі уақытта үш миллиард теңге сомасына барлық медициналық жабдықтар жеткізілді. Олар қоймада сақтаулы тұр, – деді Қадылжан Сәтиев.
Ал, Усолка көшесі, 42/3 мекенжайында облыстық балалар психоневрологиялық орталығына арналған галереясы бар ғимараттың құрылысы жалғасуда. «ГСУ Құрылыс» ЖШС мердігерлік ұйымы қабырғаларды сылау, электр монтаждау жұмыстары, шатырды жылыту бойынша жұмыстарды жүргізуде. Кәріздің сыртқы желілері бойынша жұмыстар басталды. Құрылыстың аяқталуы биылғы жылдың төртінші тоқсанында жоспарланған. Жоба бойынша тәуекелдер жоқ.