Павлодар облысында көздің қасаң қабығына ота жасату мүмкіндігі қарастырылуда
Әзірге ел бойынша кератопластика тек Алматы облысында ғана жүргізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі.
Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың офтальмология бөлімшесінің меңгерушісі Қасымхан Тілеубаев хабарлады.
– Біздің офтальмогиялық бөлімшеде бүкіл ауыр патологияның түрлерін емдеуге болады. Алайда, көздің қасаң қабығына трансплантация сияқты күрделі оталарды жүргізбейміз. Науқастарды Алматы қаласында көз аурулары ғылыми-зерттеу институтына жіберіп тұрамыз, – деді ол.
Оның сөзінше, кератопластиканың жасату қиындығы материалдық техниканың жабдықталуына келіп тіреледі. Донорлық материалдар АҚШ-тан әкелінеді. Аталған мәселемен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен қоғамдық қорлар айналысуда.
– Жақын арада витреоретинальды хирургия мен окулопластиканы дамытуды, рефракциялық хирургия мен кератопластикаға арналған жабдықты сатып алуды жоспарлап отырмыз, – деді офтальмолог.
Бүгінде Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың офтальмология бөлімшесінде Германия, Жапония және Австралия шығарған заманауи Carl Zeiss, Еllex Tango және LightMed 577 лазерлік қондырғылары бар. Олар көз ауруларын инвазивті емес, лазерлік емдеуге арналған. Көздің артқы бөлігінде операциялар жасалады, атап айтқанда, гемофтальмалар, сары дақтың жыртылуы, торлы қабықтың бөлінуінің барлық түрлері. Былтырдан бастап офтальмологиялық орталықта окулопластика енгізілді: көздің қосалқы аппаратының ақаулары бар операциялар, көз жасы аппаратына операциялар, оптикореконструктивті операциялар, эстетикалық хирургия.