Павлодар облысында табиғи өрт азайды
Биыл өрт қауіпсіздік кезеңі басталғаннан бері облыста табиғи өрттің алты есеге төмендегені байқалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы аппараттық жиналыста облыстық ТЖД бастығының орынбасары Қайрат Шаймерденов мәлім етті.
– Өңірде жеті жағдай тіркелді. Облыс аумағында орман және дала өрттерінің пайда болуы, оларды жою тәуекелдерін төмендету жөніндегі іс-шаралардың кезеңдік жоспары әзірленіп бектілді. Бүгінгі таңда аймақта орман өрттерін сөндіруге 19 өрт сөндіру көмекші техникасы, жеке құрамнан 60 адам топтастырылған және олардың саны артатын болады,– деді Қайрат Шаймерденов.
Облыс аумағында өрт қауіпті кезеңінде «Ертіс орманы» резерваты, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі және Павлодар әуежайынан төрт әуе кемесі кезекшілікті жүзеге асырады.
Бүгінгі күні Баянауыл мемлекеттік ұлттық паркінде, «Ертіс орманы» резерваты аумағында және бау-бақша шаруашылығында оқу-жаттығу өткізу жоспарлануда. Өрт қауіпсіздігі талаптары бойынша 154 бұзушы анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Облыс аумағында департамент бөлімшелерінен басқа жергілікті органдардың 59 өрт сөндіру бекеті, 63 түрлі техника және 140-тан астам адам жұмыс істейді. Бұдан басқа биыл Баянауыл, Ертіс, Ақтоғай, Железен, Тереңкөл аудандарында бес өрт сөндіру бекетін салу және Ақтоғай ауданының Басқамыс ауылында жоспардан тыс өрт сөндіру бекетін салу жоспарланған, – деді Қайрат Шаймерденов.
Спикер аталған аудандардың әкімдері өрт сөндіру бекеттерін салуды жеделдету қажет екенін атап өтті.