Павлодарда белгілі ақынның жаңа өлеңдер жинағы жарық көрді
Автордың туындыларында Отанға, туған жеріне деген сүйіспеншілік байқалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
С. Торайғыров атындағы облыстық кітапхана баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін Константин Луниннің 80 жылдығына орай, ақынның таңдалған лирикасы кірген «Не уставайте никогда любить...» кітабының тұсаукесері өтті.
Константин Васильевич 1944 жылдың 15 мамырында Павлодар қаласында дүниеге келген. Өлең жазуды бала кезінен, төртінші сыныпта мектеп қабырға газетінің тұрақты редакторы болып бастаған. Өлеңдері алғаш рет «Пионерская правда» газетінде жарияланды. 16 жасында Павел Васильев атындағы әдеби бірлестікке барып, басқа ақындармен танысады. Ол кездегі әдеби бірлестіктің төрағасы журналист, ақын, өлкетанушы – Сергей Музалевский жас автордың өлеңдерін оң бағалады.
Константин Лунин – Жаяу Мұса Байжановтың 180 жылдығына арналған сыйлықтың лауреаты; Алаш Орданың 100 жылдығы сыйлығының лауреаты; 2023 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы – «Бірлік» медалінің иегері.
– Ақын «Ступеньки», «Память сердца», «Перемены», «Исповедь», «Радиостанция души», «Солдаты Родины», «Иду к вам, люди...», «Сказание о Козы Корпеш и Баян Сулу», «Цветы на асфальте», «Пою тебя, мой Казахстан», «Исповедь перед временем» атты оннан астам кітаптардың авторы. 2021 жылы «Жаса, Қазақстан» жыр жинағы жарық көрді. Онда автор өлеңдерінің қазақ тіліне аудармалары берілген. Оларды ақын, аудармашы, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі – Айбек Оралхан аударған, – деп атап өтті іс-шараның жүргізушілері.
Константин Лунинді 80 жылдығымен облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жамбайбектің атынан құттықтау хатты аймақтық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Самал Саменова табыс етті.
– Сіз шығармашылық пен жасампаздыққа толы қиын, бірақ тамаша жолды жүріп өттіңіз. Сіз көркемсуретші және ақын ретінде шығармашылықтың әртүрлі салаларында өздерінің сан қырлы және жомарт дарындарын тамаша жүзеге асырған жарқын, ынталы, ерекше адамдар қатарына жатасыз. Сізге күш-қуат пен қайратты, сарқылмас оптимизмді және зор денсаулықты сақтауды шын жүректен тілейміз. Жаныңызда әрқашан сенімді достарыңыз болсын, отбасыңыз бен достарыңыздың махаббаты мен қолдауы сізге жаңа өлеңдер үшін күш-қуат берсін, – делінген хатта.
«Не уставайте любить...» поэзиялық жинағы – ақынның он үшінші жинағы. Оның ішінде ақынның әр жылдарда жазған түрлі тақырыптағы таңдамалы лирикалық өлеңдері бар. Автор еліміздің өткені мен бүгінін поэтикалық тілмен әңгімелейді. Константин Луниннің шығармашылығында әлі күнге дейін Отанға, туған қаласына деген сүйіспеншілікті байқауға болады.
Іс-шара соңында автор өз кітаптарын оқырмандарға сыйға тартты.