Павлодарда «Ертіс-Баян» II республикалық театр фестивалі қорытындыланды
Алты күн бойы павлодарлықтар мен шаһар қонақтары театр әлеміне сапар шекті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда алты күнге созылған «Ертіс-Баян» II республикалық театр фестивалі аяқталды. Биыл фестиваль алғаш рет халықаралық мәртебеге ие болды. Оған Қырғызстанның Ош облысындағы Тоқтоғұл Әжібаев атындағы Алай музыка-драма театры қатысты.
25-30 қыркүйек аралығында өткен фестивальдің қойылымдары Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры мен А. П. Чехов атындағы Павлодар облыстық драма театрының сахналарында көрсетілді. Бағдарламада спектакльдермен қатар шығармашылық кездесулер, шеберлік сабақтары және кәсіби талқылаулар ұйымдастырылды.
Фестиваль А. П. Чехов атындағы театрдың «Дядя Ваня» спектаклімен ашылып, Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыка драма театрының «Той» трагикомедиясымен қорытындыланды.
Фестивальдің Бас жүлдесін С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры «Ромео мен Джульетта» спектаклі үшін иеленді.
«Ерсайын Тәпенов атындағы арнайы жүлде» «Алматы әуендері» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының Асанәлі Әшімов театрына «Томирис» спектаклі үшін берілді. «Сыншылардың арнайы жүлдесіне» А. П. Чехов атындағы Павлодар облыстық драма театры «Дядя Ваня» спектаклі үшін ие болды.
«Үздік әйел адам бейнесі» аталымында Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыка драма театрының әртісі Әлия Бисенбиева «Той» спектакліндегі Қалыңдық бейнесі үшін марапатталды. «Үздік ер адам бейнесі» жүлдесін Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театры қазақ театрының әртісі Еділ Мекешов «Шынарым менің, шырайлым менің» спектакліндегі Ілияс бейнесі үшін алды.
«Екінші пландағы әйел адам бейнесі» аталымы Т. Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының әртісі Аружан Базарбаеваға «Турандот» спектакліндегі Адельма бейнесі үшін берілді. «Екінші пландағы ер адам бейнесі» жүлдесін Махамбет атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театрының әртісі Алихан Джумагалиев «ІС №20/25» спектакліндегі Елубай Мыңбайұлы бейнесі үшін иеленді.
«Үздік режиссура» жүлдесі Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыка драма театрының «Шолпанның күнәсі» спектакліне, «Үздік сценография» жүлдесі С. Қожамқұлов атындағы Ұлытау облыстық қазақ музыка-драма театрының «Макбет» спектакліне берілді. «Үздік ансамбль» номинациясында Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры «Шекпен» спектаклі үшін марапатталды.
Павлодар облысы әкімінің арнайы жүлдесін Ғ. Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры «Гамлет. Соңғы күндер» спектаклі үшін алды.
Фестивальді Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры ұйымдастырды. Алты күн бойы театр өнерінің әртүрлі бағыттары тоғысып, шығармашылық кездесулер мен кәсіби пікір алмасулар өтті. Биылғы халықаралық мәртебе «Ертіс-Баян» фестивалінің ауқымын кеңейте түсті.