Павлодарлық театр жаңа маусымға жаңа актер құраммен кірісуде

Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының 36-шы маусымы ашылмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әдеби драма бөлімінің меңгерушісі Аружан Оразованың айтуынша, жаңа маусым 9 қыркүйек күні сағат 18:30-да Мұхтар Әуезовтің «Ерте ояндым, ойландым… Жас Абай» қойылымымен шымылдығын түрмек. Спектакль ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай сахналанып отыр.
– «Ерте ояндым, ойландым… Жас Абай» трагедиясы – ұлы ақынның рухани оянысы мен халқының қамын жеген терең ойларын бейнелейтін туынды. Қойылымда жас Абайдың жан дүниесін мазалаған сұрақтар, ел ішіндегі надандыққа қарсы күресі, әділет пен білімге деген ұмтылысы сахналық образдар арқылы көрініс табады, – дейді Аружан Оразова.
Қойылымның қоюшы режиссері – Әділет Ақанов. Басты рөлдерде Ерасыл Ерланұлы (Жас Абай) мен Жұмахан Доспаев (Құнанбай) өнер көрсетеді.
Өткен жылы бірнеше әртіс Алматыға қоныс аударғандықтан, театр ұжымы жаңа құраммен толықты. Труппаға Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегі Ақжан Кембаева және басқа театрдан ауысқан Сағдат Мұратұлы қабылданды.
Жаңа маусым көрермендерге қызықты премьералар ұсынбақ. Қазан айына екі жаңа қойылым жоспарланған. Оның бірі – Оралхан Бөкей шығармасы негізінде сахналанатын махаббат тақырыбындағы спектакль, екіншісі – мектеп мұғалімінің тағдырын суреттейтін психологиялық драма. Қойылымдардың режиссерлері – Әділет Ақанов пен Жангелді Садықов.
Қойылымдарға дайындық тамыз айының басынан басталған. Қазір сахналық оқылымдар, мизансценалар мен костюмдер әзірлеу қызу қарқынмен жүріп жатыр.
Атап өтерлігі, жаңа маусым театр үшін халықаралық деңгейде басталғалы тұр. 12–17 қыркүйек аралығында Жезқазғанда өтетін Жанат Хаджиев атындағы VI халықаралық театр фестивалінде павлодарлықтар «Пері қатын» спектаклін сахналаса, 23–27 қыркүйек күндері Ақтөбеде Қ.Шаңғытбаевтың 100 жылдығына арналған VII халықаралық «Balausa» эксперименталды спектакльдер фестиваліне де осы қойылыммен қатысуды жоспарлап отыр.